Бүгінде халқымыз қалалық ұлтқа айнала бастағандықтан, бала мен шаһар тақырыбы өзектілігін жойған жоқ. Белгілі балалар жазушысы Толымбек Әбдірайымның «Тұнжыр» хикаятында қалада өсіп келе жатқан жасөспірімдердің өмірі мен басынан кешкен шым-шытырық оқиғалар суреттелген.
Зерттеуші Ольга Строгонова «Подросток в современном англо-язычном художественном дискурсе» аталатын еңбегінде жасөспірімдер әдебиетін моральдық негіздерге, индивидуализмге, жетімдікке, тәрбие мәселесіне бөлуді қолдайды.
Жазушы Толымбек Әбдірайымның «Тұнжыр» хикаяты қазіргі қоғамдағы қалалық қазақтардың отбасы құндылығы мен ержете бастаған жасөспірімдер өмірінің тылсым сырын қозғайды. Ажырасқан отбасындағы өгей шешеден қорлық көрген жасөспірімнің үйінен безіп, қала кезіп кеткен шерлі тағдыры бала өмірінің тым күрделі екенін аңғартады. Әсіресе қатарынан қалмауға тырысатын жасөспірім шағында күйзеліске түсіп, күтімсіз қалған жас өмір қазақ отбасыларының тұрмысы мен тәрбиесінен хабар береді.
Туа сала әке-шешесі ажырасқан Рауан ес жиғанда өзін өсірген ата-әжесінен айырылды. Сон соң ол «балам» деп басынан сыйпамаған, мейірімін көрмеген әкесінің қолына баруға мәжбүр болады. Бала тағдыры өгей шеше мен суық әкенің қолына түскеннен басталады:
«Қалақтай қара бала қарындасын екі-үш сағаттай ойнатты да:
– Тәте, – деді төр алдында құс жастыққа көміліп, теледидарға тесіле қарап жатқан етжеңді қарасұр әйелге ақырын дыбыстап.
– Иә - ә... ы... ы - ы... – Келіншек тіл қатуға да ықылассыз, жақ ашқысы жоқ тіпті.
– Сабаққа дайындалсам рұқсат па?.. – Дауыстауға да жасқанады. Қатты сөйлегені үшін талай таяқ жеген.
– Әй, жетімек! Анаңнан айырған мен емес! Баласын тастап, байға тиіп несі бар байғұстың?.. Обалы – көкек шешең мен ынжық әкеңе!
– Апайдан ұят!.. – Баланың көзі боталады.
– Не қыл дейді?
– Сабақ сұрағанда жауап бере алмай.
– Содан.
– Екі қойды.
– Қайтейін екі алсаң! Міністр боламын дейсің бе? Тексіз әкеден қайбір ұрпақ өрбиді? Рауанның ашуы келді. Не деген керісқұмар?».
Автор сюжеттік оқиғадан бұрын бала мен өгей шешенің сөздері арқылы отбасында қалыптасқан психологиялық ахуалдан хабар береді. Отбасында әйел мінезі мен білімі, тәрбиесі бала үшін басты орын алатынын өгей шешенің тасыр мінезі арқылы көрсетеді.
Жазушы соңғы онжылдықта ажырасудың, кішкентайлы бола тұра басқа отбасын құрудың жиілеуінен бала зардап шегетінін, психологиялық соққы алатынын меңзейді. Әлем әдебиетінде де балалардың жан жарақаты өгей аналардың қылығынан, солардың мейірімсіздігінен болатыны суреттеледі. Мәселен, ағылшын жазушысы Джеймс Гринвудттың «Өгей бала» («Маленький оборвыш) романындағы баланың асырап алған шешеден көрген қорлығы Рауан өміріне ұқсас. Шешесі өлгеннен кейін әкесі күйеуінен ажырасқан, көрші тұратын Берк есімді әйелге үйленді. Көрші әйел Берк мұның үйіне келген күннен бастап кішкентай қарындасы Полли Джиммен бірге ұйықтайтын болды. Түн ішінде бала жылап, Джимге оңайлықпен жұбанбай есін шығарса, күндіз де оның қасынан бір елі ұзамай, әбден шаршаған балаға өгей шешесі тамақ бермей тиісе береді. Әкесіне кішкентай Поллидің тамағын жеп қойды деп Джимді жамандап, таяқтайды.
«Тұнжыр» хикаятындағы Рауан сияқты Джим де өгей шешенің кесірінен әкесінен үнемі жәбір көреді. Екеуі де үйлерінде ата-анадан жылу көрмейді. Екі шығармада да әйелдерінің өтірігіне көзсіз сенетін, балаларының болашағын ойламайтын әке бейнесін аңғарамыз.
Шығармада Рауанның отбасындағы тұрмыс ахуалынан ауыл халқының жұмыс іздеп қалаға көшіп келіп жатқанын, олардың үй алуға жағдайы болмай, қала шетіндегі саяжайларда тұра бастағанын байқаймыз. Бір күні Рауан сабақтан оралса, есік құлыптаулы, күні бойы есік алдында отырған бала ақыры ешкім келмеген соң, қарны ашып, талғажау табу үшін қала кезіп кетеді. Осыдан бастап Рауан кезбелік жолға түседі. Әкесі үш айға басқа қалаға жұмысқа кеткенде Рауан үйінде оғаш оқиғалардың үстінен түседі. Бірнеше әйел мен еркек жиналып арақ ішкенін, шешесінің басқа ер адаммен жақын отырғанын да көреді. Шешесінің оспадар қылығынан ұялған бала үйге кірмей кетіп қалады. Кезбелікпен күнелткен жасөспірім образын өмірге өкпелі тіленші әйелдер тағдырымен астастыра суреттейді. Бала олар жоқта базар маңында қайыр сұрайды.
Бір күні ол қарындасы Поллиді баспалдақтан байқаусызда құлатып алып, өгей шешесінен оңбай таяқ жейді. Осы оқиғадан кейін Джим үйінен қашып кетеді. Сол қашқаннан үйіне оралмады. Тура Рауан секілді бірден базарға келді. Ол белгісіз бір жанашыр жолаушыдан екі пенс алды, бірақ оны қожалақ деп атаған кезде қорланып қалды. Ол өзіне азын-аулақ кешкі ас сатып алып, тамақтанған соң, кішкентай Поллиді ойлағанынан бала жүрегінің мейірімін, жанының тазалығын аңғарамыз.
Джим де Рауан сияқты базарда күнкөріс үшін бағын сынауды ұйғарды. Ол тауарлардың атын атап, айқайлап жаттыға бастады. Бірақ біраз уақыттан кейін екі балаға кездесіп, олармен бірге жұмыс істейтін жер табамын деп үміттенеді. Осылайша, ол Молди мен Рипстон атты балалармен бірге ұрлық жасай бастады. Бірақ базардан жаңғақ ұрлаған кезде іштей өкініп жүрді. «Тұнжыр» хикаятында Рауан басқа балалар секілді арба сүйреп базарда жұмыс істегісі келгенде, оның өзі тамыр-таныс арқылы екеніне көзі жетіп, «Рамстор» сауда орталығының алдында қайыр сұрауға мәжбүр болады. Ақыры машина жуатын салонда жұмыс істей бастайды. Бірге еңбек ететін жасы үлкен ересек балалар автосалонға қонып жүрген Рауанды алдап, түн ішінде бірнеше қымбат көліктің дөңгелектерін алып кетіп, жұмыстан қуылады.
«Тұнжыр» хикаятының ағылшын жазушысының шығармасынан ерекшелігі – қалада бала жоғалуының суреттелуі. Бұл мәселе қазақ балалар әдебиетінде бірінші рет көтерілді. Қой бақтырам деп алып барған қожайынның сенімді жұмыскері Еламан оған: «Бұрын да талай балалар болған мұнда. Оларды дәл сендерше бір-екі ай шамасында жақсылап тынықтырып, ұйқыларын қандырып, құнарлы тамақ беріп, әбден семіртіп алып кетеді... Қайта оралған ешкім жоқ.
– Мәссаған?!
Екеудің зәре-құты қашып, қорқа бастады.
– Естуімше, – деді Еламан темекінің келесі талын тұтатып жатып. – Шын-өтірігін білмеймін, естуімше сойып, ішкі ағзадағы бүйрек, бауыр сияқты мүшелерін сататын көрінеді».
Жазушының авторлық позициясы қамқоршысыз балалардың ішкі органдарын, дене мүшесін сатып пайда табудың қазақ қоғамында үйреншікті жағдайға айналғанын бейнелеуімен де ерекшеленеді. Рауанды қаладан алыс мекенге әкетіп, жымысқы ойларын жүзеге асырмақ болған адамдардың іс-әрекетін суреттеу арқылы қоғамдық дерт пен қылмыстың, жаналғыш қастандықтың бетін ашады.
Джеймс Гринвудттың «Өгей бала» хикаятында Джимді ешқандай туысы іздемейді. Ал «Тұнжыр» хикаятында оны мектебі, сынып жетекшісі іздейді. Қазақ қоғамындағы балаларға жауапкершілік мектепте екенін аңғартады. Мұғалімдердің бала өміріне алаңдайтынын және жанашырлығын байқаймыз.
Баланың тағдырына қатысты сотқа ауылдан әкесінің ағасы келіп қатысады. Інісінің өз баласынан бас тартқанын көріп, ағасы баланы ауылға әкетіп бара жатуымен шығарма аяқталады. Қазақ халқының менталитетіндегі бауырмалдық, туыстық қасиетті автор ағасының мінезі мен іс-әрекеті, балаға деген жанашырлығы арқылы көрсетеді.
Жалпы, «Тұнжыр» – көпқырлы шығарма. Үй-күйсіз жүрген жасөспірімдер ішінде кітап оқуды жақсы көретін, өнерге құштар балалардың қор болғанын бейнелеген автор алтын басты ұрпақты жоғалтпау ұранын көтереді. Баланың ақысын жеу, оларды аямай қара жұмысқа салу, баланы жұмысқа алуда тамыр-таныстықтың орнауы, бала жоғалуы, балаларды ұрлап, оларды өлтіріп, сау мүшесін сату, қаладағы қайыршылықтың бәрі – қоғамдық әлеуметтік мәселе. Шығарма қалалық қазақтардың тұрмысын, жасөспірімдердің психологиясы мен болмысын, дүниетанымы арқылы болашаққа салуымен құнды.
Әлемге әйгілі ағылшын жазушысы М.Твеннің Лондонның кедей ауданындағы лашықта өскен бала мен VIII Генрих патшаның мұрагері туралы 1881 жылы Канадада жарық көрген «Принц и низший» романы – қалалық балалар өмірін суреттейтін алғашқы шығармалардың бірі. Осы романдағы кедей баламен орны алмасқан принцтің басынан өткен қаладағы қиын да күрделі өмірі Рауан мен Джимнің көрген азабымен әлі күнге ұқсас. Бұл кімді болсын бейжай қалдырмауға тиіс.
Мақпал Оразбек,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы