Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзиёев жуырда ғана Хорватияның астанасы – Загребте өткен әлем чемпионатында бас жүлдені олжалаған грек-рим күресі шебері Айтжан Қалмахановқа Ташкент облысының орталығы – Нурафшан қаласынан жайлы пәтер сыйлады, деп жазады Egemen.kz.
Көрші елде болып жатқан жаңалыққа біз бекер тоқталып отырған жоқпыз. Айтжан – Өзбекстанда туып-өскен өз қандасымыз. Бала кезінен балуандық өнерге ден қойған ол бірден дара талантымен оқшауланды. Әуелі Қалмаханов 2022 жылы Римде жасөспірімдер және биыл Софияда жалауы желбіреген жастар арасындағы әлем біріншіліктерінде қарсылас шыдатпай, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Үстіміздегі жылдың мамыр айында Амманда ересектер арасында Азия чемпионы атанды.
Загребтегі дүниежүзілік додада 63 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Айтжанның асқан шеберлігіне тәнті болдық. 19 жастағы қандасымыз тұсаукесер кездесуінде Еуропа чемпионатының екі дүркін жүлдегері, украиналық Александр Грушинде ойсырата ұтса, ширек финалда Қазақстан құрама командасының белді мүшесі, әлем чемпионатының финалисі, Азия чемпионы Ержан Жарылқасыновты мерзімнен бұрын жеңді. Жартылай финалда жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы, ересектердің Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, молдовалық Виталий Еременконы оңай еңсерген Қалмаханов бас жүлде үшін тартыста Оңтүстік Кореяның оғыланы, Азия ойындарының қола медалісі Ханджэ Чунды да оңдырмады. Осылайша, өзінен әлдеқайда ересек әрі тәжірибелері әбден толысқан сақа спортшыларға сан соқтырған қазақ балуаны төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылды.
Егер өткенге зер салсақ, күрестің бұл түрінен Өзбекстан балуандарының алтын алмағанына табаны күректей 24 жыл болған екен. Осылайша, қазақтың қайсар ұлы Айтжан Қалмахановтың арқасында «Ала шапанды» ағайындарымыз ширек ғасыр бойы аңсаған армандарына қол жеткізді. Жарайсың, жайсаным!