Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Израиль, Түркия, Орталық Азия мен Кавказдағы мемлекеттік саясат мәселелері және мемлекеттік органдармен өзара байланыс бойынша «Google» компаниясының өңірлік директоры Ноа Лоффлермен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар өзара байланыстың басым бағыттарын талқылады. Аида Балаева министрлік адами құндылықтарды насихаттап, халықтың цифрлық және құқықтық сауатын арттыратын, сондай-ақ балалардың онлайн ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларға ерекше назар аударатынын атап өтті. Отырыста «Google» компаниясының Қазақстандағы ресми өкілін бекіту мәселесі де жеке қаралды.
– «Google»-мен ынтымақтастық Қазақстандағы цифрлық мәдениет пен қауіпсіздіктің дамуына ғана емес, сондай-ақ технология саласындағы халықаралық диалогті нығайтуға да ықпал етеді деп санаймыз. Қазақстан ашық әрі жүйелі өзара байланысқа дайын, – деді министр.
Кездесу барысында контентті модерациялау мәселелері де талқыланды. Аида Балаева қолданыстағы тетіктердің аса тиімді емес екенін жеткізді. Осыған байланысты «Google» командасының Астанаға сапары аясында ҚР МАМ мен оған бағынысты ұйымдар қызметкерлеріне заңсыз контентті жою бойынша воркшоп ұйымдастырылады.
Сонымен қатар кездесуде Қазақстанда «Google» компаниясының ресми кеңсесін ашу келешегі талқыланды. Қазақстан экономикасы мен қолайлы инвестициялық ортасы бар, қарқынды дамып келе жатқан өңірлік көшбасшы ел ретінде қарастырылып отыр.