• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» Бүгін, 08:43

Таза қоғам – ұлттық идеология өзегі

10 рет
көрсетілді

Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында рес­публика бойынша 1 мыңнан астам экологиялық іс-шара өтті. Оған ұзын-саны 4,2 миллионнан ас­там адам қатысса, волонтер үлесі – 357 мың адам. Елі­міздің бар­лық аймағындағы деректерді есепке алсақ, 570 мың тонна қалдық жиналып, 870 мың гектар аумақ қоқыстан тазартылған.

Осыған қоса шамамен 2,4 млн ағаш егілген. Бұл тек жалпыұлттық акция аясында іске асқан жұмыстардың нәтижесі екенін ескерсек, акциядан тыс тазалыққа, көгалдандыруға жұмылған тұрғындардың санында есеп жоқ. Ауыл маңына, үй іргесіне ағаш, көшет, гүлзар егіп, шағын аумақты көркейтіп отырған ағайын көп. Адамды бір көргеннен тәнті ететін үздік көше, үздік аулалар бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында: «Қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болуы керек. Былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр, бұл баршаңызға аян. Осы жұмысқа миллиондаған азаматымыз атсалысуда. Жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, 4 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстан нағыз жасыл ел болмақ. Ал бұл келешек ұр­паққа керемет үлгі-өнеге және өсиет болып қалары анық. Осы жұмысқа атсалысып жүрген азаматтарға, әсіресе жастарға ризашылығымды білдіремін. Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру – өте маңызды міндет. Осы бағытта Үкімет экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуге тиіс. Бұл жұмыс мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық деңгейдегі білім мекемелерін қамтуы қажет», деп экологиялық акцияның мән-маңызына тоқталған еді.

Айтса айтқандай-ақ, қазір эко­ло­гиялық мәдениетті қалып­тас­тыратын іс-шаралардың ауқы­мы кеңейді. Тазалық сақ­тауға шақыратын жобалар мек­теп табалдырығынан үйлес­тіріле бастады. Оның барлығын тү­гендемей-ақ қоялық, қазір кей­бір мектептерде қағаз, шыны, пластикті бөліп жинай­тын жәшік­тер орнатылып жатқанынан хабардар боларсыздар. Бұл – Мем­лекет басшысы Жолдауда Үкіметке жүктеген бірыңғай экологиялық ағар­тудың стандартын енгізу жөнін­дегі тапсырмасының бір тар­мағы. Тәрбиелік мәні жоғары жобаны «Жасыл даму» акционерлік қоғамы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауы­мен іске асыра бастады. Бастама аясында алда балабақшадан бас­тап, мектеп оқушылары мен студенттерге экологиялық сабақтар мен танымдық іс-шаралар өтеді. Мұндағы ниет – жастардың эко­логиялық сауатын арттырып, қоршаған ортаны қорғауға саналы көзқарас қалыптастыру. Осындай іс-шаралардан тәлім алып өскен балалар ертең табиғатты қорғауға шақыратын ірі жобаларға жетек­шілік етсе, табиғатқа шын жанашыр болса, құба-құп.

Бірер күн бұрын ауылды көр­кейтудің бірегей үлгісін көрсетіп жүрген жастар бас қосып, өзен-көлдер мен суқоймаларының жағасын тазалады. «Таза жағалау» деген атпен өткен экологиялық акция жаздан қалған қоқысты мұз, қар құрсауында қалдырмаудың қамы үшін жасалған қадам деп түйдік. Сенбілікке еліміздің бар­лық өңірін қоса алғанда 220 мың азамат жиылыпты. Волонтерлер, студенттер бастап бір күнде 4,2 мың тонна қалдық шығарған. Жиналған қоқыс көлемі салыс­тырмалы түрде аз деп айтуға мүлде келмейді. Осылайша, жас­тар қоқыстың суға кетпеуіне, көк­темге қалмауына қарайласты. Бұл жұмысқа қыс алдында қамданбаса, көктем шыға сол қоқыстар ағыс­пен арналардың жолын бөгеп, табиғатқа залалы біз ойлағаннан көп тиюі мүмкін. «Таза жағалау» акциясы – экологиялық сананы қалыптастыруға және қоршаған орта­ны қорғауға шақыратын «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасының бір бөлігі ғана.

Қоршаған ортаға жанашыр­лықтың үлгісін көрсетіп жүр­гендер арасында Орловтар отбасы бар. Өскемен тұрғыны, альпинист Вячеслав Орлов отбасымен бірге Катонқарағай жартастарындағы вандалдық жазуларды өшіру үшін бірнеше күн алыс­қан. Кейіпкеріміз балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мекте­бінде шыңға өрмелеуден жаттықтырушы болып жұмыс істесе, жаздыгүні альпинизм, туризм­мен айналысады. Өлкенің таңғажайып келбетін қонақтарға таныстырады, жол нұсқап, қызмет көрсетеді. Сөйтіп жүріп альпинизммен өзі ғана емес, отбасы болып шұғылданады.

«Осы өңірдің тұрғыны болған соң, туристік аймақтарға апаратын жартастардан небір оғаш бояу­ларды көреміз. Мамыр айында «Катонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары тұрғындарды, туристерді жартастарға сурет салмауға шақыр­ғанын әлеуметтік желіден көріп, бірден қолдаймыз дестік. Содан ұлттық парк қызметкерлеріне туристік маусымның соңына таман алдын ала жоспар құрып, вандал жазуларды өшіреміз дестік. Біздің шын ниетпен жасаған ісіміз әлеуметтік желіге тарап кетеді деп күткен жоқ едік. Жолаушылар да мақтап-мадақтап мерейімізді асырды. Бәрінен де жұрттың алғы­сын естіген балаларымызға дұрыс тәрбие көрсеттік деп есептейміз. Бізді қолдап жатқан отандастарға алғыс айтамыз. Табиғатты аялауға, әсіресе өзіміз тұрып жатқан мекенді таза ұстауға шақырамыз», дейді табиғат жанашыры В.Орлов. 

Осы өңірдегі Марқакөл көліне апаратын жолда аумағы шамамен 70 метрді алып жатқан жартас бар. Соны бойлай жүргенде ақ қыраудай бояу елдің көзіне бірден түседі. Тасқа бірі өзі келген өңірдің атын жазса, екіншісі өз есімін қалдырған, үшіншісі құлашын кең сермеп көсілген. Мұндай әрекетке тасқа жазғанның барлығы тарихта қала бермейтінін ұқпайтын сотқарлар немесе ойын балалары бармаса, ересектердің ісі емес деп болжадық. Тау-тасқа өрме­леуді шебер меңгерген Вячес­лавтың ептілігі арқасында қарапайым адам оңайлықпен өрмелей алмайтын қолайсыз тұсқа дақ болып түскен жазулардың біразы өшкен.

Жастар мен балаларды таза­лық сақтауға үндеп жүрген жан­дар­дың бірі Батыс Қазақстан облысының тұрғыны – Ерлік Шам­ғалиев. Әдетте ол қалада өтетін сенбіліктерге отбасымен белсене қатысады. «Тәрбие тал бесіктен» дегенді санаға сіңірген отағасы балаларын 3-4 жасынан сенбіліктерге ертіп барады. Волонтер жастар­мен бірге қайырымдылық іс-шара­лардың басы-қасында жүреді. Ерліктің әлеуметтік желіде ойын балаларының басын қосып, қарияға жәрдемдесіп, батасын алған сәттегі жылы бейнежазбасын байқап, өзіне хабарластық.

«Негізі тазалық сақтауға дұ­рыс көзқарас бала кезден үй­дің төңі­регін таза ұстап, аулаға ағаш егуге жәрдемдесуден бас­талады деп ойлаймын. Өзіміз де кіш­кен­тайымыздан үлкендерге еріп, ағаш егуді қызық көрдік. Біз тұрған Қаратөбе ауданы Қалдықайта ауылы бала кезімізде ең таза ауыл деген атқа жиі ие болатын. Ойын балаларымен кім қоқысты көп жинайды деп жарысатынбыз. Қазір балалар айтқанды емес, көргенді екі етпейді. Сол үшін балаларымызды табиғат­ты таза ұстауға ертеден баулып жүрміз. Екінші ұлымызды 3 жас­тан сенбілікке апардық. Қазір 6 жасар сол баламыз көппәтерлі тұр­ғын үйдің төңірегіндегі бүкіл қоқысты біз айтпай-ақ жинап тас­тайды. Бала көргенін істейді деген рас екен. Сосын сенбіліктерге кезекті науқан деп емес, шын ниетпен қатысып, отбасы, іні-бауырлармен шыққанға жетері жоқ. Неге десеңіздер, өзің тұратын ауланы тазалап, сол маңға ағаш отырғызу – әр адамның міндеті», дейді тазалық туралы ұстанымын білдірген Е.Шамғалиев.

Сана тазармай, дала тазармайтыны рас.  «Таза Қазақстан» акция­сы жүзе­ге асқалы ел арасында экологиялық мәде­ниеттің орныға түсуіне көп үлес қосты. Осыны көріп, біліп отырған соң, тазалық сақтау ұлттық идеологияның өзегі­не айналды деп нық сеніммен айта аламыз.