Жеңістің 80 жылдығына орай Түркістан облысы Жетісай ауданы Ақниет ауылындағы аллеяға мәрмәрдан ескерткіш қойылған. Аудан жұртшылығы соңғы уақытта осы алаңқайда елдік мәдени-тағылымды шаралар өткізіп жүр. Таяуда осы жерде Түркістан тәуелсіздігі үшін күрескен есіл ер, Алаш қозғалысы мен «Жас бұхаралықтар» қозғалысының қайраткері, 1920 жылдары 400 мыңға жуық қазақ тұрған тарихи Бұхара республикасында үкімет мүшесі болған тұлға, 1924–1925 жылдары Орталық Азия республикаларының шекарасын айқындау комиссиясы мүшелерінің бірі Мырза Наурызбайұлының туғанына 125 жыл толуына арналған мәдени-ғылыми іс-шарасы ұйымдастырылды. Оған Алматы мен Астанадан келген зиялы қауым өкілдері, қайраткер М.Наурызбайұлының ұрпақтары, аудан жұртшылығы қатысты.
Салтанатты іс-шара мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қоюдан басталды. Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, аталған тұлғаның тарихтағы орны мен өңірдің әлеуметтік-мәдени табыстарын атап өтті. Жергілікті жұртшылық «Мырза төре» атап кеткен М.Наурызбайұлы қайраткерлігін, еңбекқорлығын, шығармашылығын жас буынға насихаттаудың маңызы зор. Мәселен, қуғын-сүргіннен соң 1953 жылы туған жеріне оралып, Оңтүстік Қазақстан облысының Киров (қазіргі Жетісай) ауданы Фрунзе кеңшарын (қазіргі Ақниет ауылы) басқаруы, жастарды оқуға жіберуі, еңсесі түскен елдің рухын көтеруі – айрықша өнеге. Қырғызстандағы табанды еңбегі, Қазығұрт пен Шардарадағы кәсіби, ардагерлік жолы ұмытылмақ емес. Ең кереметі, ол кісі ешқашан кеуде қақпаған. Негізгі қызметінен бөлек бар ықыласын 50 жастан кейін сүйген перзенттерінің тәрбиесіне арнаған.
Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, заң саласының ардагері Мырзақұл Ертаев, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, Шардара ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бейсенбай Төребеков, Шардара ауданы мен Түркістан облысының құрметті азаматы, Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, Мақтаарал ауданы ардагерлер кеңесінің мүшесі, «Ахан ата» аллеясы мен мемориалдық кешеннің құрылтайшысы Құрбан Жұманазар тарихи тұлғалардың, соның ішінде Мырза Наурызбайұлының ел үшін аса жауапты 1920–1950 жылдардағы өжеттігін, қағидатшылдығын, көрегендігін атап өтті. Мемлекет басшысы идеясы негізінде Ақниет ауылында ашылған «Келешек мектебі» («Жайлы мектеп») ұлт қайраткері, Алаш білімпаздар съезінің төралқа мүшесі болған Мырза Наурызбайұлы есімін алуға лайықты екенін дәйектеді.
Алаштың арда азаматын 1990 жылдан бері зерттеп жүрген бүгінгі Ұлттық құрылтай мүшесі, ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы: «Түркістан өңірі М.Наурызбайұлын тану мен танытуды қолға алғаны қуантады. Ол Бұхарада, Қырғызстанда неге жүр? Тарыдай шашылған ұлтына, тілдес ағайынға қамқор болып жүрді. Бүгінгідей тыныш заман болса, әрине, бар қабілетін, деңгейін өз елінде жарқыратып көрсетер еді. Қазір Өзбекстанда жәдитшілдік жиі айтылып жүр. Бұл пікірде, істе жаңғырудың ХХ ғасыр басындағы нұсқасы ғой. Қазақтың Мырзасы, міне, осы қозғалыстың ішінде жүрген. 1924 жылы Орынбордағы Білімпаздар съезінде А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, т.б. тұлғалармен төралқада қатар отыруы М.Наурызбайұлының деңгейін, сапасын көрсетеді. Ол – көшбасшы, ол – батыр тұлға. Біздің «Egemen Qazaqstan» газетінің бастауы «Еңбекші қазақта» Бұхара қазақтарының тағдыр-талайы, оқуға, бірлікке, ағаруға ұмтылысы туралы қаншама мақала жазған. Ал Орталық Азия республикалар территориясын межелеу комиссиясындағы ақылы, кәсібилігі, көрегендігі – Қазақстанның ел мен жер тұтастығының рәмізі. Сонау Бұхарадан қазақ жеріне жетіп, өсіп-өнген жұртшылықтың ұрпағы ғана емес, тұтас Алаш баласы осыны ұмытпағаны жөн», деді.
Ұлттық қауіпсіздік саласының генералы, Парламент Мәжілісі VI шақырылымының депутаты, профессор, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Ержан Исақұлов: «Тарихтың бұралаң кезеңінде елін, ұлтын ойлаған қаһарман тұлғалар шығады. Мен Мырза Наурызбайұлы өмірі мен қайраткерлігін Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің архивінде сақталған әрқайсысы 300 беттік екі том құжаттан, Мәскеу архивінде хатталған бір томдық құжаттан танып-білдім. Расында, ол кісі өз саласын жетік білген маман болған. Қырғызстанда Мемлекеттік бақылау саласында қызмет істеп жүріп, сол ел үшін маңызды бастамалар көтерген. Үкімет қаржысын үнемдеу мен ұқсатудың жолын көрсеткен. Мырзекеңнің бір кезде «халық жауларымен» байланыста болған «айыбы» қыр соңынан қалмаған. Бірақ оны білігін сыйлаған әріптестері құтқарып жіберген деп санаймын. Соған қарамай тергелген, абақты көрген. Қазақта «Кемел жігіт кешірімді» деген сөз бар. Ол қиналған кезіндегі қорлық-зорлық үшін кек сақтамады. Жақсылықтан үміттенді. Тіпті отбасы бақытын кеш көргені де Мырзекеңнің шыдамдылығы, төзімділігі дер едім. Рухы шат болсын!», деп өз ойын түйіндеді.
Игі іс-шара тарих пен отаншылдықты асқақтатқан Жетісай өнерпаздарының ән-күйімен көркемделіп отырды. Салтанат соңында ұлттық дәстүрге сай қаһарман қайраткер, марқұм майдангер, ардагер тұлғалар аруағына құран бағышталып, өңір жұртшылығына, жастарына ақ бата берілді.
Мәдени-танымдық шараны қорытқан қайраткердің перзенті Ботагөз Мырзақызы әкесі М.Наурызбайұлының бүкіл ұрпақтары атынан облыс, аудан, ауыл әкімдігіне, ардагерлеріне, зиялыларына ризашылығын білдірді.
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ,
журналист