Су спорты түрлерінен Үндістанның Ахмедабад қалашығында шымылдығы түрілген Азия чемпионатын еліміздің құрамасы сәтті бастады. Жарыстың алғашқы күні қоржынымызға үш медаль түсті. 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Максим Сказобцов күміс алса, дәл сол қашықтыққа баттерфляй әдісімен жүзген Софья Сподаренко қолаға қол жеткізді. 50 метрге шалқалай жүзуде София Әбубәкірова екінші орынға ие болды.
«Астана» клубының велошабандозы, германиялық Макс Кантер бір апта ішінде екі бірдей дүбірлі додада дараланды. Алғашында Бельгиядағы «Омлууп ван хет Хутландта» екінші орын алса, күні кеше Франциядағы «Париж-Шониде» де дәл сол нәтижені қайталады. Осыған дейін Кантер қарт құрлықтың тас жолдарында өткен «Альмерия классигінде» күміспен күптеліп, «Фаменн Арденн классигінде» бас жүлдені олжалаған еді.
Футзалдан «Қайрат» клубының басынан бағы тая бастаған сынды. Еліміз тарихындағы ең атақты команда ішкі чемпионаттың төртінші турында «Семейден» 4:10 есебімен ойсырай ұтылды. Алматылықтар арасынан Атирсон Оливейра мен Кайо Руиз екі голдан соқты. Семейліктер сапында Педро Энрике хет-трик жасаса, Андерсон Алвес пен Марсело дубль авторы атанды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Пиялы, Ринат Төреғазин, Ержан Кәрменов бір-бір реттен нысананы дәл көздеді. Осы кездесудің 32-минутында «Қайраттың» ойыншысы Алвес Ромулоның ойыннан қуылғанын да айта кеткен жөн.
Түркістанда триатлоннан Азияның ашық кубогі аяқталды. Жерлестеріміз арасынан Дарын Қонысбаев сәтті өнер көрсетіп, күміс медальды иеленді. Бас жүлдені Ресей спортшысы Денис Колобродов олжаласа, оның отандасы Роман Минеев қола жүлдені қоржынға салды.
Құрлықтың хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» Владивостоктың «Адмиралын» қабылдады. Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін астаналықтар екі мәрте мергендік танытты. Голдарды Всеволод Логвин мен Аңсар Шайхмедденов соқты. Үшінші кезеңде Мэйсон Морелли матчтың соңғы нүктесін қойды – 3:0. Кейінгі екі ойындағы жеңісінен кейін «Барыс» 11 ұпаймен Шығыс конференциясының жарыс кестесінде алтыншы орында тұр.
11-12 қазанда Ақтауда дзюдодан «Asian Open» турнирі ұйымдастырылады. Оған 200-ден аса балуан қатысады. Бақ сынаушылардың қатарында Данияр Шамшаев (81 кг), Дидар Хамза (90 кг), Ерасыл Қажыбаев (+100 кг), басқа да құрлықтың деңгейдегі додаларда өздерін мойындатқан сақа спортшылар бар.