Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматы облысына жұмыс сапары аясында «Alatau City» мегажобасының төрт негізгі аймағында – «Gate», «Golden», «Growing» және «Green» аудандарының құрылысына дайындық барысын тексеріп, бірқатар тапсырма берді.
Өнеркәсіптік-логистикалық және іскерлік орталықтан бастап, ғылыми-білім мен туристік кластерлерге дейін әр ауданның өзіндік бағыты бар.
Gate District Өтеген батыр, Покровка, Қоянқұс, Ынтымақ және Жаңалық елді мекендерінің арасында орналасқан. Мұнда «PepsiCo», «Caspian Group», Алматы желдеткіш зауыты сияқты ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ауданның басты орталығы – «Iconic Building-1» халықаралық бизнесті дамыту орталығы болмақ. Қанат Бозымбаев ӨҚМ, облыс әкімдігі және инвесторларға бұл ғимараттың құрылысын жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, бұл нысан «Alatau City» жобасының ресми бастамасының рәмізіне айналмақ.
«Golden District» Кіші Алматы және Қаскелең өзендерінің арасындағы тасжол бойында орналасқан. Бұл аймақ ғылым, білім және медицина орталығы ретінде дамытылмақ. Мұнда «K-Park» мәдени-бизнес кешені, халықаралық білім орталығы, заманауи академқалашық, көпсалалы медициналық кластер бой көтереді. Сонымен қатар «Hyundai Green Food Almaty» және «Mars» сияқты әлемдік компаниялардың жобаларын жүзеге асыру жоспарланған.
«Growing District» «Алматы – Қапшағай» автожолы бойында және «Жетіген – Қазыбек» теміржол желісінің маңында орналасады. Бұл аймақ экспортқа бағытталған өндірістік және логистикалық орталық ретінде дамытылады. Көлік дәліздерінің тоғысында орналасуы және әуежайға жақындығы экологиялық таза өндірістерді дамытуға ерекше мүмкіндік береді.
Қанат Бозымбаев бұл жерде халықаралық «Rhenus Logistics» компаниясының басшылығымен кездесіп, Алатауда көлік-өндірістік хаб құрудағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Аумағы 31 730 гектарды құрайтын «Green District» Қапшағай суқоймасымен, Қаскелең өзенімен және Қонаев қаласымен шектеседі. Мұнда курорттық аймақтар мен саябақтар салынып, болашақта «Формула-1» жарыс тасжолы, «Iconic Building-2» туристік орталығы бой көтереді. Бұл аймақ Алматы агломерациясының басты туристік және демалыс орталығына айналмақ.
Жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев министрліктер өкілдері, инвесторлар, бизнес қауымдастығы, халықаралық сарапшылар және Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Вонг Хэн Файнның қатысуымен Жобалық офис отырысын өткізді. Жиында отандық және шетелдік инвестицияларды қорғау, келісімшарттардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, Қытайдың «CRDI» компаниясымен бірлескен кеңес беру тетіктері, Алатау қаласының даму кеңесін құру және «Alatau City Authority» мемлекеттік қорының Жарғысын бекіту сияқты мәселелер қаралды. Сонымен бірге Мемлекет басшысының Алатау қаласын дамыту жөніндегі Жарлығының орындалу барысы және «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасының орындалу барысын да талқылады.
Кездесу қорытындысында вице-премьер жауапты мемлекеттік органдарға Алатау қаласын дамытуда кешенді тәсіл қолдануды және тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Алматы облысы