Перудің астанасы Лимада 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында рапид пен блицтен әлем чемпионаты аяқталды. Жарыста Ксения Балабаева алтыннан алқа тақты.
Рапидтен швейцариялық жүйе бойынша өткен додада 20 мемлекеттен келген 133 қатысушы өнер көрсетті. Солардың арасынан Ксения озып шықты. Бәсеке басталған бетте жарыс кестесінде жеке-дара көш бастаған жерлесіміз соңғы күні өзбекстандық Умида Омонованы ұтты. Одан кейін көршілес елдің тағы бір өкілі Афруза Хамдамовамен, ресейлік Анна Журовамен тең ойнады. Осы бәсекелерде жиған ұпайлар 19 жастағы Ксения Балабаеваның әлем чемпионы атануына жеткілікті болды. Жарыста бақ сынаған қос дарынды шахматшы Лия Кұрманғалиева мен Әмина Қайырбекова үздіктер қатарына қосыла алмады.
Естеріңізге сала кетейік, К.Балабаева мен Ә.Қайырбекова былтыр Будапештте өткен Дүниежүзілік шахматшылар Олимпиадасында өрелі өнерлерімен көзге түсіп, күміс медаль иеленген еді. Сол жұлдызды команданың сапында Ксения мен Әминадан бөлек, Бибісара Асаубаева мен Меруерт Камалединова да өнер көрсетті.