Зайсанның көкжиегін көмкерген Шілікті жазығы – ежелден қасиетті мекен. Бүгінде сол кең жазирада тарихтың тамырына терең бойлайтын тағылымды іс-шара өтті. Сақ патшасына арналған еңселі белгітас бой көтеріп, елдің мерейі өсті.
Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен және «Қас-Сақ» халықаралық қайырымдылық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асты. Белгітас құр ескерткіш қана емес, көне дәуірден сыр шертетін аманат, ұрпақ санасына ұялайтын тарих парағы.
Салтанатты іс-шарада өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғалымдар мен тарихшылар Шілікті өңірінен табылған жәдігерлердің өркениеттік маңызына тоқталды. Сақ даласының мұрасы тек Қазақстанға ғана емес, күллі адамзат өркениетіне ортақ құндылық екені тағы бір мәрте айқындалды.
Жиын тек ғылыми пікірталаспен шектелген жоқ. «Бейбітшілік және келісім» шеруі өтті, көпшілік назарына «Ұлы Сақтар өркениетінің ошағы – Шілікті» көрмесі ұсынылды. Бабалар рухына арналып ас беріліп, айтыскер ақындар жыр төкті. Этнофестивальда көне дәстүр мен ұлттық өнердің бояуы байқалды.
Шіліктідегі Алтын адамның бедерлі бұл мүсіні елдік рухтың, мәңгілік мұраттың нышаны. Ол Зайсан өңірінің мәдени келбетін жаңа қырынан танытып, жас ұрпақтың жүрегіне «біз – сақтың жұрағаты, Ұлы дала – алтын бесігіміз» деген сенімді ұялатары сөзсіз.
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы