Облыс орталығында жылу беру маусымы басталып кетті. Әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлер мен өзге де тұтынушылардың, сонымен қатар, жылу энергиясы көздерінің дайындығы Көкшетау қалалық әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Көкшетауда жылу беру маусымы қыркүйектің 25-де басталады. Шаһарды жылумен қамтамасыз етуге жауапты «Көкшетау жылу» кәсіпорны. Күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында қазандықтар мен жылу жүйелері жөнделді. Ғабдуллин көшесінде 100 метрдей магистральды бөлігіндегі жұмыс аяқталуға жақын. Жылу беруге дайын, бірақ, тұрақты жылу режимін бекіту үшін уақыт керек.
–Кәсіпорынның жылу кешені екі қазандықтан тұрады, – дейді «Көкшетау жылу» кәсіпорнының бас директоры Руслан Мәкішев, – №1 аудандық қазандықта үш газ-мазутты жылыту қазандығы тұр. Қуаттылығы 190 гигокалорий. Қазандықтың тең жартысына жуығының тозығы жеткен. Ал екінші аудандық қазандықта қуаттылығы 280 гигакалорий болатын көміртозаңды 3 қазандық агрегаты бар. Сондай-ақ кәсіпорынның құрамына жергілікті қазандықтар мен жылу жүйелері кіреді. Қос құбырлы жылу жүйелерінің ұзындығы 191 шақырым.
Қалада 5 мыңнан астам абонент жылумен қамтылады. Олардың 1200-і көпқабатты тұрғын үй. Соның 65-і жылу беру маусымын өткізуге дайын емес. 8 нысанда мәселе шаш-етектен.
–57 үй негізінен екі қабатты, тозығы жеткен, – көкшетау қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қуаныш Ғазизов, – олар реновация тізімінде тұр. Осыған орай тұрғындар дайындық жұмыстарын жүргізуге құлықсыз. Кей үйлердің тіпті иесі жоқ, сондықтан олар тіпті жылу жүйелерін тазалау ісіне де жиылғысы келмейді.
Жиын барысында бұл үйлерді мәжбүрлеп басқаруға ұсыныс енгізілді.
Көкшетау