• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Инвестиция Бүгін, 14:17

Түркістан облысының энергетика саласына 60 млрд теңге инвестиция тартылады

10 рет
көрсетілді

Түркістан облысында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы Ұлттық жобаны жүзеге асыру басталды. Жоспар бойынша 2029 жылға дейін аймақтың энергетикалық жүйесін дамытуға 60 миллиард теңгеден артық инвестиция құйылады. Қазіргі уақытта өңірде қолға алынған жобаларға 6,9 миллиард теңгеден аса қаражат тартылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, жаңғырту шаралары аясында тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға басымдық беріліп отыр. Бұл үшін жаңа электр желілері жүргізіліп, ескілері қайта қалпына келтірілуде, ескі жабдықтар ауыстырылып, заманауи технологиялар орнатылады.

Айта кетейік, жобаның негізгі операторы ретінде «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобы мен оның еншілес ұйымы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС белгіленген. Аталған ұйымдар электр энергиясын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізіп, цифрлық сервистерді дамытып, трансформаторлық қосалқы стансалар мен желілерді жаңғыртып жатыр.

«Басты жобалар қатарында – құны 3,8 млрд теңге болатын Түркістан қаласындағы «Орталық – Яссы» бағытындағы 110 кВ электр желісінің құрылысы бар. Жоба 2026 жылдың ақпан айында аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар, Ордабасы ауданында 110 кВ электр беру желісі қайта жаңғыртылып жатыр. Бұған қоса, ұзындығы 89,8 шақырым болатын 31 нысандағы төмен вольтты желілер жаңартылуда. Бұл жұмыстарға 1,5 млрд теңге инвестиция салынған. Сондай-ақ жаңа буындағы жоғары температураға төзімді өткізгіштер орнатылып жатыр», делінген хабарламада.

Сонымен қатар «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы жеке инвестициялық бағдарлама аясында 5,3 миллиард теңге қаржы бағыттап отыр. Соның нәтижесінде 84 трансформаторлық қосалқы станса жаңартылып, 240 шақырымнан астам электр желісі салынып, қайта жөнделген. Қазіргі таңда Төрткүл ауылындағы қосалқы стансаны жаңарту мен Шәуілдір – Төрткүл аралығында 110 кВ электр желісін салу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ауқымды өзгерістер ҚР Энергетика министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Мемлекеттік органдар мен жеке сектор арасындағы серіктестік өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін бермек.