Кеше Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Игорь Роговтің төрағалығымен өткен іс-шарада азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға қатысты бірқатар өзекті мәселе қаралды.
Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев Азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау жүйесіндегі әкімшілік сот ісін жүргізудің рөлі туралы баяндама жасады. Ол еліміздегі жүргізілген әкімшілік реформа тиімділігін дәлелдегенін, бұл бағыттағы Мемлекет басшысының тапсырмасы сәтті орындалғанын атап өтті.
Баяндамашы әкімшілік рәсімдер мен сот ісін жүргізу бірқатар қағидатқа сүйенетінін, ол қағидаттар азаматтардың мүдделер теңгерімін сақтауға, әлсіз тараптың құқықтарын қорғауға бағытталғанын айта келіп, кейінгі бес жылда еліміздің әкімшілік соттарында 124 мыңнан аса талап-арыз түскенін, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) қабылданғанға дейін азаматтар мен бизнес өкілдері істердің небәрі 15%-ын ғана ұтатын болса, бүгінгі бұл көрсеткіш 60%-ға жеткенін, бұл қадам «соттар үнемі мемлекеттік органдарды жақтайды» деген теріс стереотипті өзгертуге мүмкіндік бергенін алға тартты.
– Биылғы наурыз айынан бастап әкімшілік істер бойынша аумақтан тыс соттылық енгізілді. Ол талапкердің таңдауы бойынша жүзеге асады және жауапкердің келісімін қажет етпейді. Бұл шешім ең алдымен жергілікті соттардың бейтараптылығына қатысты күмәндерді жоюға әрі сотқа деген сенімді арттыруға бағытталған. Сонымен қатар осы жылдың 1 шілдесінен бастап жұмысын бастаған қылмыстық, азаматтық, әкімшілік соттардың кассациялық сатысының жұмысына ерекше назар аударылды, – деді А.Мерғалиев.
Сонымен қатар А.Мерғалиевтің түсіндіруінше, еліміздегі кассациялық шағымдарды қарау тәртібі бірыңғайланған. Алдын ала іріктеу алынып тасталып, азаматтардың кассацияға тікелей жүгінуіне қол жеткізілген. Барлық шағым сот отырысында тараптардың қатысуымен алқалық түрде қаралады. Қылмыстық және азаматтық істерді кассациялық сатыда қарау мерзімі ӘРПК-ге сәйкес алты айдан аспайды. Бұл ретте сот шешімдерінің орындалу уақытын созуды болдырмауға мүмкіндік береді.
Спикер әкімшілік реформа нәтижесінде 15 мыңнан аса іс тараптардың татуласуымен, 29 мыңға жуық іс талап қоюды қайтарып алумен аяқталғанын айтты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы инвестициялық ахуалды және бизнесті жүргізу жағдайын жақсарту бойынша тапсырма бергенін, қазір инвестициялық қызметке байланысты инвесторлардың талап қоюларын Астананың соттары қарайтынын (ӘРПК-нің 102-бабының 3-бөлігі, АІЖК-нің 27-бабының 1-2-бөлігі), ӘРПК қолданысқа енгізілгеннен бастап Астана соттарына осы тектес 1000-ға жуық талап қою келіп түсіп (999, оның ішінде: МАӘС – 482, МАЭС – 517), елорданың әкімшілік соты шешімдердің 83 пайызы инвесторлардың пайдасына шешілгенін, ақшалай баламамен есептегенде 100 млрд теңгеге жуық сомаға инвесторлардың құқықтары қорғалғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар іс-шара барысында комиссия жанындағы Сараптамалық кеңес жұмысының тиімділігі де қаралып, KazGUU университетінің ректоры Мәжит Нәрікбаев, Сараптамалық кеңес төрағасы Сергей Пен сөз сөйледі.
Отырыстың қорытындысы бойынша төрағалық еткен Игорь Рогов комиссия мүшелері мен шақырылған сарапшыларға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы жұмысты жалғастыру бойынша бірқатар ұсыныс берді.