Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ИСЕСКО) бас директоры Салим бин Мұхаммед Әл-Маликпен кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында Қазақстанның ИСЕСКО-мен білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттары талқыланды.
Ерлан Қарин дәстүрлі «Тоғызқұмалақ» ойынының Ислам әлемі мұраларының тізіміне енгізілгені үшін ризашылық білдірді. Сондай-ақ Қазақстанның «Ою-өрнек», «Қармақшы жырау» секілді ұлттық аталымдарын одан әрі ілгерілетудің маңызын атап өтті.
Салим Әл-Малик Қазақстанның бастамаларын жоғары бағалап, еліміз ИСЕСКО-ның сенімді серіктесі екенін, сонымен қатар өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал ететін жаңа идеяларға ашықтығын жеткізді.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған ынтымақтастықты дамытуға бейіл екенін растады.