Осыдан бірер күн бұрын газетімізде 11–19 қазан аралығында Алатау баурайында «АТР 250 Almaty Open» турнирі өтетіні туралы «Саңлақтар Алматыда бас қосады» атты мақала жарық көрді. Онда біз жарыстың тарихына қысқаша шолу жасай келе, биыл оған қандай теннисшілердің қатысатыны жөнінде мағлұмат берген едік.
Жарыс жақындаған сайын қатысушылардың саны толығып келеді. Өткен жолы тілге тиек еткен Ресейдің қос жұлдызы – Карен Хачанов (әлемнің 10-ракеткасы) пен Даниил Медведевтен (18) бөлек, есімдері көпшілікке танымал тағы бірнеше ойыншылар турнирге келетіндерін растады. Солардың қатарында әлемдік рейтингте ТОП-100-дікке енген Флавио Коболли (25, Италия), Лучано Дардери (30, Италия), Алекс Михельсен (32, АҚШ), Брендон Накашима (33, АҚШ), Габриэль Диалло (35, Канада), Корентин Муте (39, Франция), Фабиан Марожан (55, Мажарстан), Хамад Меджедович (66, Сербия), Бу Янчаокете (74, Қытай), Адам Уолтон (76, Аустралия), Ласло Джере (77, Сербия), Джордан Томпсон (78, Аустралия), Мариано Навоне (82, Аргентина), Артюр Казо (84, Франция), Лука Нарди (85, Италия) сынды саңлақтар бар.
Еліміздің туы астында әлемнің 19-ракеткасы Александр Бублик бастаған бір топ белді теннисші өнер көрсетеді. Олар – Александр Шевченко (96), Бейбіт Жұқаев (207), Тимофей Скатов (235), Михаил Кукушкин (259), Денис Евсеев (340). Ұйымдастырушылар дарынды жас теннисші Әмір Омархановты да осы сынға қосуды құп көріпті.
Тағы бір айта кетерлік жайт, кезінде Ролан Гаррос пен Аустралияның ашық біріншілігінің финалында ойнаған Грекияның әйгілі теннисшісі Стефонос Циципас осы турнирге қатыспайтын болды. Осы күнге дейін «Қазақстанға міндетті түрде келемін» деп ерекше құштарлық танытқан әлемнің бұрынғы үшінші ракеткасы таяуда ғана Дэвис кубогінің Бразилияға қарсы өткізген кездесуінде жарақат алды. Ұйымдастырушылар дереу оны италиялық Лука Нардимен алмастырды.