Бүгінгі дамыған медицинаны ауру-сырқаудың дәлдігін анықтайтын диагностикаларсыз елестету мүмкін емес. Осы саланың қыр-сыры туралы №7 Астана қалалық емханасының рентгенолог дәрігері, сәулелік диагностика бөлімінің меңгерушісі Күнсұлу Нұрышева әңгімелеп берді.
Рентген, компьютерлік томограф (КТ), магнитті-резонансты томограф (МРТ), УЗИ аппаратын басқару үшін талапты жас алдымен ел қатарлы жалпы медицинада алты жыл оқиды. Кейін интернатураға түскенде сәулелік диагностика бағытын таңдайды. К.Нұрышева да осы жолмен Астана медицина университетінде оқыған. 2008 жылы оқуын сәтті аяқтап, туған өлкесі Көкшетау қаласында еңбек жолын бастайды. №1 қалалық емханада Бақыт Жұматайұлы сынды сала білгірімен бірге жұмыс істейді. Теориялық білімін тәжірибеде шыңдайды. Білікті тәлімгер жас маманға аспаптармен жұмыс істеуді үйретумен шектелмей, қандай да бір сырқатты қалт жібермейтіндей қырағылыққа баулиды. Медицинаның қай бағытын алсақ та оңайы жоқ. Дегенмен салаға келген жастың көбі хирургияда жұмыс істеуді немесе офтальмолог, лор, кардиолог тағысын-тағы кәсіби маман болуды көздейді. Күнсұлудың таңдауы әуел бастан медицинаның диагностика бағытына түсті.
«Бала кезден физика-математика бағыты, техника жаныма жақын болды. Әкем мектепте оқып жүргенімде дәрігер боласың дейтін, сол сөз ықпал етті ме, осы мамандыққа аңсарым ауды. Техникаға әуестігімнің әсерімен сәулелік диагностикаға ден қойдым. Қазір бала кезде армандағандай, асқан дәлдікті, жауапкершілікті талап ететін үлкен техникалармен жұмыс істеймін. Көкшетауда тәжірибе жинақтаған соң, 2010 жылы Астанаға қоныс аудардық. Салада жүріп байқағаным, ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттердің нысандары шағын. Рентген секілді үлкен аппаратты орналастыруға ғимараттары сай келмейді. Осы мәселе шешімін тапса, диагностика мамандарын даярлауға да көбірек көңіл бөлінеді деп білемін. Басты мәселе – медициналық мекемелерді жеткілікті жарақтандыру», дейді Күнсұлу.
Оның айтуынша, сәулелік диагностика маманы болудың қиындығы аз емес. Туберкулез, қатерлі ісік секілді ауруларды өткізіп алуға мүлде жол беруге болмайды.
«Қазір біздің бөлімге қарайтын 5 рентген, 3 УЗИ кабинеті бар. Дәрігерлер екі ауысымда жұмыс істейді. Бұл салада жұмыс істеген соң, жеке бастың амандығын ойламасқа болмайды. Жұмыстың қауіпті тұстары бар. Аппарат тұрған бөлмеге кіріп-шығып жүргенде сәулесі өте аз мөлшерде болса да түседі. Сондықтан «дозиметрмен» жүреміз. Дозиметр – иондағыш сәулелердің мөлшері мен қуатын өлшеуге арналған құрылғы. Қауіпті ескеріп, 5 сағат 45 минуттан артық жұмыс істей алмаймыз», дейді дәрігер.
Сәулелік диагностика мамандары алдына келген пациенттерді алдымен рентген аппаратына түсіреді. Соның нәтижесі бойынша қандай да бір аурудың белгілері байқалса, науқасты компьютерлік томографияға жібереді. Бұл қадам диагнозды дәлірек анықтауға көмектеседі. Сәулелік диагностика аппараттарына, мамандарына коронавирус пандемиясы тұсында сұраныс көп болғаны белгілі. Сол кезде бірнеше өңірде жаңа аппараттар сатып алынды. Диагностика дәрігерлері пневмонияның бұрын-соңды көрмеген түрімен бетпе-бет келді. К.Нұрышева да 16 жылдық тәжірибесінде мұндай белгілерді көрмегенін айтты.
«Расында, біз қайран қалдық. Көптеген науқаста өкпенің оң, сол жағымен қоса, орта, төменгі бөліктеріне дейін дақ түсіп, асқына бастаған. Сосын өкпенің қаншалықты асқынғанын пайызбен есептеп шығара бастадық. Кейін шетелдік тәжірибеге жүгініп, пневмонияның осы түріне диагноз қойылды. Қазір қиын кезең артта қалды. Десек те дәрігер болған соң еркінсуге болмайды. Ол үшін әркез біліктілікті шыңдап отыру қажет», дейді Күнсұлу.
Тәжірибе демекші, қазір әрбір сәулелік диагностика дәрігері бес жыл сайын біліктілігін растау немесе арттыруы тиіс деген талап бар. Соның арқасында шетелге барып, тәжірибе жиғандар көп. Біздің кейіпкеріміз де былтыр Францияға барып, біліктілігін арттырып келді. Түйгеніміз, сәулелік диагностика маманы болу үшін бір ғана аппараттың тілін білу жеткіліксіз. Өйткені құрылғылар жыл сайын жаңарып, ауру-сырқаудың да түрі көбейіп келеді.