2027 жылдан бастап елімізде медициналық көмектің бірыңғай пакеті қолданысқа енеді. Бұл өзгерістің жұмыс күші жиі алмасатын Алматы қаласы үшін маңызы зор.
Келесі жылдан бастап Алматыда 95 мыңға жуық адам қосымша сақтандырылатынын айта кеткен жөн. Өйткені мегаполисте тұратын 2,3 млн халықтың 80%-ы немесе 1,8 млн адам сақтандырылған. Өкінішке қарай, 475 мыңдай адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.
Медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Нұрдос Қадырбеков МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдан бастап жергілікті атқару органдары халықтың әлеуметтік жағдайы төмен бөлігі үшін сақтандыру жарнасын төлей бастайтынын айтады. Соның арқасында Алматыда 95 мыңға жуық адам МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекке жүгінуге мүмкіндік алмақ.
«Мұқтаж жандардың ішінен медициналық көмекті жиі қолданатын азаматтар іріктеліп, жергілікті бюджет есебінен сақтандырылады. 2026 жылы 26 мыңнан астам адамның әрқайсысына ай сайын 9 189 теңгеден, жалпы 2,9 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалмақ. Сондай-ақ бұдан былай жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер үшін де МӘМС жарнасын жергілікті атқару органдары төлейді», дейді Н.Қадырбеков.
Сонымен қатар сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылдан бастап жарна төленетін жалақы шегі өзгеретінін еске сала кету керек. Тағы бір атап өтетін жайт, қазірде Алматыда 1,2 млн-нан астам, ел көлемінде 11,2 млн-ға жуық адам мемлекет есебінен сақтандырылып отыр. Биыл мемлекет олар үшін ай сайын орташа айлық жалақының 2%-ын аударады. 2027 жылдан бастап жарна мөлшері біртіндеп өсіп, 2037 жылы 4,7% дейін жетуі тиіс.
МӘМС арқылы көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында заңға тағы бір жаңа норма енгізілді. Енді кемінде 5 жыл қатарынан жүйеге жарна аударып келген азаматтар уақытша төлем қабілетінен айрылған жағдайда, сақтандыру мәртебесі алты айға дейін сақталады. Бұған дейін сақтандыру мәртебесі соңғы төлем жасалған сәттен бастап үш ай ғана сақталатын.
«Кейінгі жылдарда біз бірінші рет сақтандыру реформасын техникалық емес, әлеуметтік тұрғыдан қарастырып отырмыз. Енгізілген өзгерістер арқасында медицина шынымен қолжетімді бола бастайды. Халықты сақтандыру жүйесімен қамту деңгейі жақсарып, медициналық көмекті пайдалану мүмкіндігі артады», деді сарапшы Вячеслав Локшин.
Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2025 жылдың екінші жартысынан бастап барлық онкологиялық скринингтер тегін жүргізіледі. Яғни онкоскринингтен өтуге сақтандыру мәртебесі талап етілмейді. Сондай-ақ 2026 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар сегіз дертке күдік келтірілген жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек тегін көрсетіледі. Бұған дейін аталған қызметтер тек АИТВ мен туберкулез сынды екі сырқат бойынша ғана тегін болатын.
2026 жылдан бастап амбулаторлық диализ, консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, динамикалық бақылауға жататын 12 сырқат тобы бойынша жоспарлы стационарлық, стационарды алмастыратын көмек МӘМС пакеті арқылы көрсетіледі. Бұлардың қатарында бауыр, қан мен қан шығару органдарының, іш құрылыс аурулары, жұқпалы емес энтерит, колит, артропатия, дорсопатия, қалқанша безі аурулары, қатерлі емес аденома ісігі, сүт бездерінің қатерлі емес дисплазиясы, әйелдердің жыныстық аурулары, бронх-өкпе дисплазиясы, туабітті жүрек кінәраты, іште пайда болған кемістіктер бар.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім жетекшісі Ләйла Иманғалиеваның айтуынша, бұл бастамалар 2027 жылдан бастап қаржыландырудың сақтандыру үлгісіне басымдық беруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығынның 35%-ы Тегін медициналық көмек пакетінен (ТМККК), 65%-ы МӘМС пакетінен алынбақ. Қазірде шығынның 57%-ы ТМККК пакетіне, қалған 43%-ы МӘМС-ке тиесілі.
АЛМАТЫ