• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 17:30

Respublica партиясы Алматыда ReBusiness форумын өткізді

10 рет
көрсетілді

Шараға 500-ге жуық кәсіпкер, мемлекеттік органдардың өкілдері, Мәжіліс депутаттары және сарапшылар қатысқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Форумды ашқан партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты Жолдауы алдағы жылдары ел дамуының басты бағдаршамы болатынын атап өтті.

«Бұл – тарихи Жолдау. Президент цифрландыру мен экономиканы жаңғыртудан бастап, партиялық жүйені нығайтуға дейінгі стратегиялық басымдықтарды айқындады. Жерді толық цифрландыру тапсырмасы – ашықтық пен әділ ережелердің кепілі. Ал конституциялық реформалардағы маңызды қадам – Парламенттің бір палаталы жүйеге көшуі. Бұл – еліміздің саяси жүйесіндегі жаңа белес. Кәсіпкерлер партиясы үшін бұл дербес Кәсіпкерлік министрлігінің пайда болуымен тең. Бұл – үлкен де мәнді күш», деді ол.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов та Жолдаудың өзектілігіне тоқталып, Respublica партиясының қаладағы әлеуметтік-экономикалық бастамаларға белсенді үлес қосып келе жатқанын айтты.

«Жуырдағы Мемлекет басшысының Жолдауы Қазақстанның цифрлық трансформациясына айрықша көңіл бөлді. Respublica партиясы Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты барлық бастамаларға белсенді әрі нәтижелі үлес қосып келеді. Біз, әкімдік тарапынан, бұл бастамаларды толық қолдаймыз», деді.

Форум жұмысына партия тең төрағалары Сырымбек Тау, Максим Барышев және Қуаныш Шонбай қатысты. Олар кәсіпкерлік саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, партия құрылғаннан бергі өзгерістер мен жеңілген кедергілер туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, Мәжілістегі Respublica фракциясының депутаттары қабылданған заңдар мен әзірленіп жатқан заң жобалары жөнінде баяндап, фракция бастамаларын таныстырды.

Қатысушылар кәсіпкерлікті дамыту, бизнес құқығын қорғау, цифрлық трансформация, қаржыландырудың қолжетімділігі, тауарларды таңбалау, әлеуметтік кәсіпкерлік пен ішкі туризмді талқылады. Ерекше қызығушылықты партия тең төрағасы Максим Барышевтың сөзі тудырды. Ол салық саласының маманы ретінде 2026 жылдан бастап енгізілетін өзгерістерді түсіндіріп, кәсіпкерлерге жаңа ережелерге дайындалу жолдарын көрсетті.

Форум қорытындысында айтылған ұсыныстар Respublica фракциясының жұмыс жоспарына енгізіліп, заңнамалық бастамаларға айналатыны жарияланды. Партия мүшелері кәсіпкерлер Президент бастамаларын толық қолдайтынын және оларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға дайын екенін жеткізді.

«Біз тек мәселелерді талқылап қана қоймаймыз, сонымен бірге олардың нақты шешу жолдарын ұсынамыз»,  деп қорытындылады Respublica партиясы.