ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылуы жөнінде мәлімдеді. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр және ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жоба шеңберінде барлығы 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысанын салу жоспарланған. Оның ішінде 540 ғимарат пайдалануға берілді, ал қалған 115-і жыл соңына дейін аяқталады. Соның нәтижесінде шамамен 200 ауылда алғаш рет медициналық пункттер мен амбулаториялар ашылып, тұрғындар сапалы қызметке қол жеткізген.
Вице-министрдің айтуынша, 346 нысан ескі ғимараттардың орнына тұрғызылған, ал 194 жаңа нысан бұған дейін медициналық инфрақұрылым болмаған елді мекендерде салынған. Жоба аясында 260 медициналық пункт, 235 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория бой көтереді. Барлық нысан бірыңғай стандартпен жабдықталып, телемедицина, физиотерапия кабинеттері, дәріхана бөлімшелері мен емдік дене шынықтыру залдарын қамтиды. Қажетті құрал-жабдықтардың 70%-дан астамы отандық өндірістен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар 32 орталық аудандық аурухана, 12 көпбейінді және 20 аудандық аурухана жаңғыртылады. Қазіргі таңда 10 нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталған, ал қалғандары 2026 жылға дейін салынады.
Айта кетейік, жаңартылған ауруханалардың базасында инсульт және кардиология орталықтары, хирургия, травматология, оңалту және қарқынды терапия бөлімшелері ашылады. Теміртау, Балқаш, Жаңаарқа, Үржар, Шу, Мерке, Талас және Бейнеуде сегіз аурухана қайта құрылған.
«Ұлттық жоба медициналық кадрларды даярлауға да басымдық береді. Жақын жылдары ауылдарға 1100-ден астам маман жолданбақ. Қазірдің өзінде 1009 медицина қызметкері (оның ішінде 459 дәрігер және 550 орта буын маман) ауылдық нысандарға жұмысқа орналасты. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, мәртебесін арттыру үшін қосымша төлемдер енгізілді», делінген хабарламада.
2024 жылдан бастап тапшылығы жоғары салалар бойынша ауылға барған дәрігерлерге 100 ЕТЖ көлемінде (8,5 млн теңге) біржолғы қаржылай төлем беріледі. Ал 2026 жылдан бастап кадр жетіспеушілігі бар өңірлерде дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігі іске қосылады. Бұл жобаны облыс әкімдіктері Үкімет тапсырмасымен Отбасы банкі арқылы жүзеге асырады.
Тимур Мұратовтың айтуынша, қабылданған шаралар ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін айтарлықтай арттырып, денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін күшейтеді.