• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Салық Бүгін, 08:50

Зейнетақы салықтан босатылады

20 рет
көрсетілді

Биыл 18 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодек­сіне қол қойды. Енді БЖЗҚ-дан бейрезиденттерге төленетін зейнетақы төлемдерін қоспағанда, барлық табыстар, тұрғын үйге немесе емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) түріндегі кірістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады.

Бұған дейін қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін біржолғы зейнетақы төлемдері 10% мөлшерлемемен жеке табыс салығы (ЖТС) ұста­ла­тын кіріс түрі саналды. Яғни зей­нетақы жарналары жеке зей­нетақы шоттарына салық са­лынғанға дейін аударылады. Жеке табыс салығы төлемдер жүзеге асырылған кезде ұсталады. ЖТС ұстау міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен барлық зейнетақы төлемдеріне жиынтық түрде жүр­гізіледі. Бұл ретте түзетулер мен салықтық шегерімдер ескеріледі.

Тұрғын үйге не болмаса емделуге біржолғы зейнетақы төлем­дерін пайдаланған кезде ЖТС ұстау да көзделеді. Алушының таңдауына оны ұстап қалудың екі жолы ұсынылады: БЗТ алған кезде бірден немесе зейнетақы алатын кезге дейін кейінге қалдыруды таңдауға болады.

2026 жылғы 1 қаңтарға дейін БЖЗҚ-дан берілетін зейнет­ақы мен біржолғы зейнет­ақы төлемдерінен ЖТС есептеу, шегеріп қалу, төлеу қолда­ныстағы тәртіппен жүзеге асырылады.

Келесі жылдың 1 қаңтарынан ЖТС зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен ұсталмайды. Бірақ мұның еліміздің резиден­ті болып есептелмейтін азамат­тарға қатысы жоқ. Сондай-ақ ЖТС біржолғы зейнетақы тө­лем­дерінен де ұсталмайды.

Келер жылдың 1 қаңтарынан бас­тап тұрғын үй жағдайын жақ­сар­ту немесе емделу мақсатында пайда­ланылған біржолғы зейнет­ақы төлемдерінен ұсталуға тиіс, бірақ зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырылған жеке табыс салығы бойынша есептелген міндеттемелер де жойылады. Алайда бұған дейін бюджетке төленген салықтар қайта­рылмайды.