Қазақстанның екі облысында отбасылардың әл-ауқат деңгейін балдық үлгі арқылы бағалау негізінде мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған пилоттық жоба іске қосылады. Жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бірыңғай цифрлық платформасы арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтің қорғау министрлігінің хабарлауынша, жаңа әдіс республикалық бюджеттен әлеуметтік төлемдердің барлық түрін сақтай отырып, жергілікті билік тарапынан қосымша қолдауды тек шынымен мұқтаж жандарға бағыттауға мүмкіндік береді.
2020 жылғы 22 мамырда пилоттық жобаны Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында іске асыру туралы алты мемлекеттік органның бірлескен бұйрығына қол қойылған.
«Отбасының әл-ауқат деңгейі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық критерийлер бойынша анықталатын болады. Қосымша қолдау шараларына өтініш білдірген барлық отбасылар 6 санатқа жіктеледі – аса қажеттіліктен (азық-түлікке қаражаттың болмауы) жоғары әл-ауқатқа дейін (қаржылық қиындықтар жоқ). Шешім отбасының цифрлық картасы арқылы жиналған объективті деректер негізінде автоматты түрде қабылданады», делінген хабарламада.
Аталған көмек барлығына бірдей емес, қажеттілігіне қарай көрсетіледі.
«Азаматтардың әл-ауқат деңгейін бағалау кезінде келесі көрсеткіштер ескеріледі: табыс көлемі, жылжымайтын мүлік пен көлік құралдарының болуы, несие жүктемесі, сондай-ақ материалдық емес факторлар — денсаулық жағдайы, мүгедектік, білім деңгейі және отбасының асырауындағы адамдар саны. Сонымен қатар, жасырын табыс көздері, мысалы, бейресми жұмыспен қамтылу фактілері де назарға алынады.
Егер үй шаруашылығында 2 немесе одан да көп тұрғын үй, 2 және одан да көп көлік, тіркелген кәсіпкерлік субъектісі (ЖК немесе ЖШС) бар болса және бір адамға шаққандағы табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 4 еселенген мөлшерінен асса, онда мұндай отбасы 6-санатқа – жоғары әл-ауқатты деп танылып, жергілікті бюджеттен қосымша әлеуметтік қолдаудан алынып тасталады.
Ал 1-ден 5-санатқа дейінгі отбасылар үшін әлеуметтік көмек шаралары автоматты түрде тағайындалады.
Айта кету керек, бұл скорингтік модель республикалық бюджеттен бөлінетін 41 түрлі кепілдендірілген әлеуметтік төлемге әсер етпейді. Яғни базалық және ынтымақты зейнетақы, жүктілік пен бала күтімі бойынша, көпбалалы аналарға және мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жәрдемақылар бұрынғыдай сақталады», делінген хабарламада.
Айта кетейік, балдық үлгінің енгізілуі республикалық бюджеттен төленетін барлық кепілдендірілген әлеуметтік төлемдерге әсер етпейді. Зейнетақы, жәрдемақы және міндетті әлеуметтік сақтандыру төлемдері бұрынғы көлемінде сақталады.
Бұл тәсіл нақты мұқтаж азаматтарға мақсатты қолдау көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған.