АҚШ-тың жасөспірімдер арасындағы ашық біріншілігінде Заңғар Нұрланұлы табысты өнер көрсетті.
Дарынды жас теннисші тұсаукесер кездесуінде әлемдік рейтингте 12-орында тұрған польшалық Алан Важныды 6:4, 6:4 есебімен ұтты. Келесі кезеңде үздіктер тізімінде алтыншы сатыға жайғасқан финляндиялық Оскари Палданиусты жолынан ығыстырды – 3:6, 6:1, 6:2. Ширек финалда Нұрланұлы Тимофей Дерепаскомен күш сынасты. Ресей ойыншысы рейтингте 13-орында тұр. Соған қарамастан ширақ қимылдап, сауатты ойнаған қандасымыз Дерепасконы еш қиналмай жеңді – 6:2, 6:4.
Жартылай финалда Заңғардың жолы «ITF Juniors» рейтингінің көшбасшысы, болгариялық Иван Ивановпен қиысты. Ол өз кезегінде үш сеттік сайыста германиялық Максим Шонхауэсқа шаң қаптырған еді. Бұл бәсекеде Ивановтың мысы басым болды – 6:1, 6:4. Десек те Заңғар Нұрланұлының есімі жасөспірімдердің «US Open» турнирінде жартылай финалға дейін жеткен еліміздің тұңғыш теннисшісі ретінде тарихқа енді.