Нью-Йорк қаласында «Үлкен дулыға» турнирлерінің бірі – АҚШ-тың ашық біріншілігі «US Open» мәреге жетті. Әлемнің ең үздік теннисшілері бас қосқан турнирдің жекелеген сайысында еліміздің төрт ойыншысы бақ сынады. Олар – Елена Рыбакина (әлемнің №10 ракеткасы), Юлия Путинцева (№60), Александр Бублик (№19), Александр Шевченко (№97).
Александр Шевченко алғашқы ойынында-ақ АТР рейтингінде 18-орында тұрған Испания саңлағы Алехандро Давидович-Фокинадан ойсырай ұтылды (1:6, 1:6, 2:6). Тәжірибелі Юлия Путинцева да алысқа шаба алмады. Алғашында италиялық Элизабетт Коччареттоны (6:4, 7:6) қапы қалдырған жерлесіміз екінші турда WTA тізімінде 29-сатыға орналасқан ресейлік Анна Калинскаяға (1:6, 5:7) жол берді.
Еліміздің ең мықты теннисшісі Елена Рыбакина төртінші айналымнан аса алмады. Алғашқы кезеңдерде америкалық Джульета Пареджа (6:3, 6:0) мен чехиялық Тереза Валентованы (6:3, 7:6) еркін еңсерді. Үшінші турда осыдан төрт жыл бұрын, небәрі 18 жасында «US Open» турнирінде топ жарған Ұлыбритания өкілі Эмма Радукануды тіпті ойсырата ұтты (6:1, 6:2). Төртінші айналымда Маркета Вондроушовамен күш сынасты. 26 жастағы Чехияның мықтысы 2019 жылы Ролан Гарростың финалында ойнаған, 2023 жылы Уимблдонның жеңімпазы атанған. Өкінішке қарай, бұл кездесуде Елена өз деңгейінде өнер көрсете алмады (4:6. 6:5, 2:6).
Турнирді Александр Бублик қарқынды бастады. Тұсаукесер кездесуінде «US Open» турнирінің жеңімпазы, Уимблдон мен АҚШ-тың ашық біріншілігінің финалисі, хорватиялық Марин Чиличке (6:4, 6:1, 6:4) шаң қаптырды. Одан кейін аустралиялық Тристан Скулкейтп (6:3, 6:3, 6:3) пен америкалық Томми Полды (6:7, 7:6, 3:6, 7:6, 1:6) жолынан ығыстырды. Алғашқы екі қарсыласын отандасымыз оңай ұтса, соңғы ойын 3 сағат 37 минутқа созылды. Төртінші кезеңде Александрдың жолы әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнермен қиысты. 24 жастағы Италияның дүлдүлі Аустралияның ашық біріншілігінде екі мәрте бас жүлдені олжалап, Уимблдон мен «US Open» турнирлерінде топ жарғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Бұл жолы да Апеннин түбегінің тарланы өзінің мықтылығын мойындатты. Бублик оған жарытып қарсылық көрсете алмады (1:6, 1:6, 1:6).
Әйелдер арасындағы финалдық сайыста беларусьтік Арина Соболенко мен америкалық Аманда Анисимова шеберлік байқасты. Жартылай финалда америкалық Джессика Пегуланы (4:6, 6:3, 6:4) ұтса, АҚШ теннисшісі жапониялық Наоми Осакадан (6:7, 7:6, 6:3) айласын асырды. Шешуші сында Соболенко Анисимовадан басым түсті – 6:3, 7:6.
Ерлер арасындағы жартылай финалда италиялық Янник Синнер канадалық Феликс Оже-Альяссимді (6:1, 3:6, 6:3, 6:4), испаниялық Карлос Алькарас сербиялық Новак Джоковичті (6:4, 7:6, 6:2) жеңді. Сөйтіп, осының алдындағы «Үлкен дулыға» турнирлері – Ролан Гаррос, Уимблдондағы жағдай қайталанып, әлемнің ең үздік теннисшілері АҚШ-тың ашық біріншілігінің бас жүлдесін де өзара сарапқа салды. Парижде Алькарас, Лондонда Синнер жеңіске жеткен еді. Нью-Йоркте Алькарастың асығы алшысынан түсті, есеп: 6:2, 3:6, 6:1, 6:4. Нәтижесінде, Пиреней түбегінің түлегі бас жүлдені олжалаумен қатар АТР рейтингінде көш бастады.
Биылғы «US Open» турнирінің жүлде қоры 90 миллион АҚШ долларын құрады. Ерлер мен әйелдер арасындағы жекелеген сайыстың жеңімпаздары 5 миллионнан алса, финалда ұтылғандар сол соманың жартысын иеленді.