Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кәсіпқой бокс кеші өтті. Жарыстың басты жекпе-жегінде еліміздің танымал былғары қолғап шебері Әли Ахмедов (23-2, 17 КО) пен Танзанияның тарланы Джозеф Майгвисия (14-4, 10 КО) күш сынасты.
Таяуда ғана құрылған «Ali Akhmedov Promotions» компаниясы ұйымдастырған жарыста есімдері көпшілікке беймәлім бірқатар боксшыға өз шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік берілді. Олардың дені сенімді ақтап, жергілікті жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуантты. Атап айтсақ, Қанат Сангил (8-0, 4 КО) үндістандық Харджот Сингхты (11-2-1, 11 КО), Ролан Огай (1-0) таиландтық Комсан Вонгсуринді (1-11, 1 КО) бірінші раундта-ақ ұрып жықса, Бауыржан Бекмұрзаев (6-0-1, 5 КО) өзбекстандық Шаробиддин Джурахоновты (2-7-1, 2 КО) екінші раундта есінен тандырды. Фарух Тоқтасыновтың (3-0, 2 КО) қарсыласы Шаробиддин Джурахонов (2-7-1, 2 КО) жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Виктор Теміров (9-0, 6 КО) Үнді елінің тағы бір өкілі Сантош Баралиді (2-2, 1 КО) ұпай санымен ұтты. Достанбек Мамұтов (1-0) пен Рафаил Иванов (0-1), Нұржан Серікбаев (7-2, 7 КО) пен Ынтымақ Дәуіт (2-2, 1 КО) сынды жерлестеріміздің өзара айқасы алғашқылардың пайдасына шешілді.
Спорттық мансабын әуесқой рингтен бастаған Балауса Мұздыман (8-0, 6 КО) қазіргі кезде кәсіпқойлар арасында табысты өнер көрсетіп жүр. Бұған дейінгі кездесулерінің барлығында жеңіске жеткен Балауса бұл жолы үндістандық Мамта Сингхты (7-2-1, 4 КО) төртінші раундта нокаутқа жіберді.
Көптен бері көрінбей кеткен Жанқош Тұраровты (28-0, 20 КО) жанкүйерлер сағынып қалған екен. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған көрермендер сақа спортшыны ерекше қошеметпен қарсы алды. Жанқоштың жолы филиппиндік Әли Канегамен (12-2-1, 8 КО) қиысты. Қандасымыз қарсыласын бәсекенің басынан аяғына дейін төмпештеді. Тіптен бірнеше мәрте нокдаунға да жіберді. Жекпе-жек аяқталғаннан соң, төрешілер бірауыздан Жанқоштың мықтылығын мойындады.
Алыстағы Америкада шыңдалып, ұзақ уақыт бойы даңқты Геннадий Головкинмен бірге жаттыққан Әли Ахмедов (24-2, 17 КО) Алматыдағы жарыста Танзаниядан келген Джозеф Майгвисияның (14-4, 10 КО) тас-талқанын шығаратынына сенімді едік. Бірақ біз ойлағандай болмады. Африкалық боксшы қаймықпай айқасып, Әлиге әжептәуір қарсылық көрсетті. Десек те Майгвисияға қарағанда біздің боксшының соққылары дәлірек әрі қаттырақ тиді. Сол себепті де төрешілер Ә.Ахмедовті жеңімпаз деп таныды.