Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша партия активімен кеңейтілген отырыс өткізді, деп жазады Egemen.kz.
Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, Орталық аппарат қызметкерлері, «Жастар Рухының» белсенділері қатысты. Жиынға бейнеконференцбайланыс арқылы партияның барлық өңірлік филиалы қосылды.
Сөз басында Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық тірегі бола отырып, Жолдауды ауқымды реформалардың лайықты жалғасы, елімізді дамыту бағытындағы нақты әрі жүйелі жұмыстың негізгі бағдары ретінде қарастыратынын ерекше атап өтті.
«Президенттің биылғы Жолдауы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың жарқын мысалы. Онда қоғамды толғандырған ең өзекті сұрақтарға жауап беріліп, жаһандық бастамалардан бастап, күнделікті өмірге қатысты барлық мәселелер қамтылды. «AMANAT» партиясының басты міндеті – Мемлекет басшысы реформаларының қозғаушы күші болу, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету. Президент бастамаларын қолдау – бұл біздің басты таңдауымыз. Біздің ұзақ мерзімді миссиямыз да, партияның центристік ұстанымы да осы мүддемен ұштасып жатыр», – деді ол.
Партия Төрағасы Жолдауда цифрландыру қадамы жаңа жалпыұлттық технологиялық идеяға айналғанына назар аударды. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар дамудың жаңа қозғаушы күші саналады. Көптеген саланы цифрландыру бойынша кешенді іс-шараларды қолға алу жоспарлануда. Партия бұл бағытта азаматтардың, әсіресе зейнеткерлер мен жасөспірімдердің цифрлық сауатын арттыруға арналған «Цифрлық қоғам» жобасын жүзеге асыруда. Енді партияластар оны бүкіл ел аумағына таратып, Жолдау шеңберінде әзірленетін жаңа «Digital Qazaqstan» стратегиясының бір бөлігіне айналдыруға тиіс.
Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарының әл-ауқатына ерекше назар аударғанын атап өтті. Бұл мәселе аграрлық саланың дамуымен тікелей байланысты. «AMANAT» партиясы бірнеше жылдан бері «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Агросауат» жобаларын жүзеге асырып келеді. Олар ауылды дамытуға, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға қажет нақты әрі түсінікті құралдарды ұсынады. Аталған жобаларды ел азаматтары жылы қабылдады. Тиісінше, олар Президент Жолдауында айқындалған жаңа бастамаларға енгізілуге тиіс.
Сондай-ақ партия Төрағасы Мемлекет басшысы халықтың қаржылық сауатын арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасына қолдау білдіргенін ерекше атап өтті. «AMANAT» Үкіметпен бірге заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, оның ауқымын кеңейтуді жалғастырады. Биыл call-орталық құрылды, 40 заңгердің қатысуымен онлайн-платформа жұмысы жолға қойылды, ал өңделген өтініштердің жалпы саны 800 мыңнан асты.
Іс-шара барысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайыт пікір білдірді. Оның айтуынша, Президент айтқан бір ұлт идеясын этникалық мағынада емес, қоғам бірлігінің көрінісі ретінде түсіну керек, себебі ұлттық бірлік – Қазақстанның баянды болашағының басты шарты.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева Мемлекет басшысы Жолдауда цифрлық трансформацияның ауқымды міндеттерін белгілеп бергенін атап өтті. Ол «AMANAT» фракциясы бастамашылық еткен Цифрлық кодекс осы саладағы басты құжатқа айналатынын және алдағы серпінді қадамдарың құқықтық алғышартын жасауға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Депутат барлық мүдделі ұйымдарды оның дамуына белсенді қатысуға шақырды. Ал «Astana Hub»-тың бас директоры Мағжан Мәдиев цифрлық трансформация табысты болуы үшін адами капиталды дамыту және жас таланттарды қолдау қадамдары маңызды басымдыққа айналуға тиіс екенін айтты.
«Kaz Alpine Club» ҚБ басқарма мүшесі Ерлан Смайлов Президент стратегиялық сала ретінде айқындаған туризм бағыты инфрақұрылым мен кадрларды дамытуды қажет ететінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның шытырман оқиғалы туризмді дамытуға зор мүмкіндігі бар. «AMANAT» партиясы осы бағыттағы жұмысты бастап, «Алатау аманаты» жобасын іске қосты. Жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, туристерді тартуға, сондай-ақ жергілікті жерлерде шағын бизнесті дамытуға серпін бермек.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Айдос Сарым партияның басты міндеті – Президент реформаларының мәнін халыққа, ең алдымен жастарға түсіндіре отырып, ұлттық бірлік пен келісімді нығайту екенін баса айтты. Депутаттың пікірінше, реформалар кең қолдау тауып, азаматтар олардың жүзеге асуына атсалысуы үшін партия Президент Жолдауын еліміздің әрбір тұрғынына қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізуі қажет.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек заңдардың орындалуын бақылауға арналған цифрлық картаны енгізу жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл азаматтардың құқықтық санасын арттырып, қабылданған заңдардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуге және Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидасын нығайтуға мүмкіндік береді.
Кәсіпкер, «TechnoWomen» басқарма төрағасы Әзиза Шөжеева Президент Жолдауында отандық тауар өндірушілерді барынша қолдау мәселесі көтерілгенін атап өтті. Ол кәсіпкерлердің бұл бастаманы үлкен ықыласпен қабылдағанын айтып, тәуелсіз сыртқы сауда алаңын құруды, сондай-ақ ұлттық жобаларды халықаралық нарықтарға шығаруға ықпал ететін партия жанынан кәсіпкерлік кеңесін құруды ұсынды.
Осылайша, «AMANAT» партиясы еліміздің жетекші саяси күші ретінде Мемлекет басшысының барлық саяси және әлеуметтік-экономикалық бастамаларын толық қолдайды. Мәжілістегі партия фракциясы Президент Жолдауында қойылған міндеттердің заңнамалық тұрғыдан орындалуын қамтамасыз етеді. Партия ашық диалогқа дайын және ел дамуына үлес қосқысы келетін барлық азаматтармен бірлесе жұмыс істеуге әзір.
Сонымен қатар Ерлан Қошанов партияның Орталық аппараты мен аймақтық филиалдарына Жолдауды халық арасында кеңінен насихаттап, Президент айтқан реформаларды жүзеге асыруға қоғамның барлық прогрессивті күштерін жұмылдыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.