• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:32

Уақытқа бейімделген колледж

30 рет
көрсетілді

Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі – қуатты инфрақұрылымы бар, түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары, халықаралық жобаларға белсенді қатысып, білім беруде жаңашылдық әдістерді енгізген, өндіріс және қолданбалы зерттеулерді шебер ұштастырған оқу орны. 1979 жылдан бері тау-кен саласына мамандар даярлап келе жатқан бірегей кәсіптік оқу орнының жұмысымен танысуға Хромтауға жол тарттық. Оқу орнының тау-кен зертханасын, оқу-кен полигонын аралап, шахта көліктерін басқаруға оқытатын «Boomer – 282» қондырғыларын көріп, ұшқышсыз басқарылатын ұшу жабдықтарын құрастыратын студенттермен жүздесіп, мехатроника және өндірістік автоматика жұмыстарымен танысып қайттық.

Кеншілер қала­сын­дағы оқу орнының 1130 студенті, 58 оқы­тушысы бар. Оқу мерзімі – 4 жыл. Студенттерінің 70%-ы Хромтау ауданының балалары. 95 орындық жатақханасы бар. Биыл 1-курсқа 205 студент қабылданған. Студент 47 мың теңге шәкіртақы алады, ыстық аспен қамтамасыз етілген. Қызылорда, Шым­кент, Түркістан, Жезқазған, Қарағандыдан келіп оқып жатқан балалар бар. «Біз­дің колледжде кенші, ұңғы­лау­шы, кен байытушы, сле­сарь, дәнекерлеуші, электр механигі, электр мон­тері ма­мандықтарына оқыты­ла­ды. Бір ерекшелігіміз, студент­теріміз негізгі мамандығы­мен бірге басқа мамандық алып шығады. Мәселен, бо­ла­шақ кенші не байытушы өз таң­дауына орай жерасты электро­воз, кен қопаратын кө­лік жүргізушісі, тау-кен жұ­мыс­шысы мамандығын қоса мең­гереді. Екіншіден, оқу ор­ны жұмыс берушімен үнемі байланыста. Жұмыс беруші­лер оқу үдерісіне тікелей қаты­сып, сұраныстағы мамандарды даярлауға алдын ала тапсырыс береді. Мәселен, төрт жылдан кейін компанияға қанша шахтер, кен байытушы, электрик, слесарь қажет болатындығын есептеп, сонша маман даярлауды тапсырады. Айта кету керек, біздің басты әлеуметтік серіктесіміз – «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалына қарасты Дөң кен байыту комбинаты. Біздің түлектеріміз осы комбинаттың шахталарында еңбек етеді», дейді Хромтау тау-кен техни­калық жоғары колледжін 22 жылдан бері басқарып келе жатқан Бағдаш Молдашева. Ол биыл көктемде Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алды.

Оқу ғимаратын аралауды шахтаның көшірмесі тү­рінде жасалған оқу полигонынан бастадық. Мұнда жер астына түскендей әсерде бо­ласың. Ортада шағын ваго­нет­­калар қозғалатын рельс тұр. Студенттер осы жерде кен қабатын тіреп қой­ған қондырғылардағы бекіт­кіш­терді ашып-жабуға ма­шық­танады. Оқу полиго­ны 2006 жылы салынған. Келесі бөлме жерасты жұмыс­та­рын виртуалды түрде жүр­гізетін қондырғылармен жаб­дық­талған. Компания шахта­лары­ның сұлбасы ретінде жасалған оқу бөлмесін «ERG» компания­сы сыйлаған. Дөң кен байыту комбинатының шахталарында хром ашық әдіспен де, жер астынан да өндіріледі. Шахталар тереңдеп барады. Виртуалды зертханадан студент кенді бұрғылауды, жер астындағы тереңдікте жүруді үйренеді. Студент 3-курстан бастап өндірістік тәжірибе­ден өткенде, оған жер астында жұмыс істеу қиынға түспейді.

Келесі жабдықталған бөл­ме – тау-кен көліктері мен ке­шен­дері зертханасы. Мұнда жерасты бұрғылау қондыр­ғы­сын­да жұмыс істеуге және жерасты басқаруға үй­ре­тін «Boomer – 282» кеше­ні ор­на­тылған. Дәрісті оқыту­шы Қанат Қошанбаев жүргізе­ді. Өзі тереңдікте бұр­ғылау­шы көлігін жүргізген бұ­­рынғы кенші екен. «Заң бо­йын­ша 18 жасқа толмағандарға ­жер астына түсуге рұқсат жоқ. 3-курста оқитын студенттеріміз 3-3,6 ай, 4-курс студенттері 6-8 ай мерзімде Дөң кен ба­йыту комбинатында өнді­ріс­тік тәжірибеден өтеді. Олар өз мамандықтарына қарай шахтада, не кен байытатын орындарда жұмыс істейді. Өн­дірістік тәжірибе кезінде оларға кәсіпорын басшылығы жұмыс көлеміне байланысты 90–280 мың теңге аралығын­да жалақы төлейді. Үш-төрт ай жұмыс істеген балаға бұл жақсы көмек», дейді Бағдаш Қайыржанқызы.

Колледж оқытушылары ба­ла­лардың білімге деген қы­зы­ғушылығын қалай оятады? Мұның жолы біреу-ақ: оқу­шы күнделікті сабағынан қал­май, оқып-үйренуге деген қызығушылығын жоғалтып алмаса болғаны. Және де білім­ді теориядан гөрі тәжіри­бе­мен ұштастырғанда, көз­бен көріп, қолымен ұстағанда тиімділігі жоғары болады. Бұл жерде білім ұйы­мы­ның оқу-материалдық базасын күшейтуге мән беру керек. Егер бала жабдықтар­мен жұмыс істей алмаса, ер­тең қалай өндіріске барады? Сол үшін 1-курстан бастап студент түске дейін сабақ оқып, түс­тен кейін осы жердегі тех­никалық үйірмелерге жазылып, қондырғылармен жұмыс істейді. Кенші мамандығына деген құрметті арттыру үшін колледжде озат кеншілер әуле­тімен кездесулер, өндіріс орнына экскурсиялар тұрақты ұйымдастырылады.

2019 жылы Дөң кен байыту комбинаты қызметкерлері мен осы оқу орны студенттері тау-кен саласында жойылатын және болашақта пайда бола­тын мамандықтар тізімін құ­растырған. Көпшілігі кен игеруде тереңдікте ұша­тын дроньдарды пайдалану мүм­кіндігі жоғары болатынын айтқан. Көп кешікпей колледж қабырғасында жерасты дроньдарын құрастыратын зертхана ашылды. Колледж­дің информатика пәні мұға­лі­мі Айдос Оспанның айтуын­ша, оқу орнында кен қабат­та­ры­на ұшырылатын дронь­дарды басқаратын операторлар даярланады. Зертхана­да студенттер өздері құрас­тыр­ған жеті түрлі 15 дронь бар. Шах­таның терең қабаттарын­да кен опырылып, метан газы жиналғанда, кеншілерге тө­нетін қауіпті азайту үшін ұш­қышсыз басқарылатын жаб­дықтар жіберіледі. Зертха­на­да колледждің биылғы тү­ле­гі, элек­тро­механикалық жаб­дық­­тарды пайдалану маманы, дроньдарды ұшырумен айналысатын Данилл Дрешякпен пікірлестік. Ол республикалық «World skills», корпоративтік «ERG skills» байқауларының жеңімпазы. Жақында Пекинде өтетін байқауға бармақшы.

Колледждің механика, пнев­матика және гидравли­ка­­­лық зертханасында шахта­­ға қызмет көрсететін желілерді бір көзден басқаратын жаб­дықтар орнатылған. Мұнда сту­денттер шахтаның желдету, электрмен қамтамасыз ету жүйелерін компьютер­лік технология арқылы басқару­ға үйренеді дейді оқытушы Асылбек Исмағұлов. Қазіргі жұмысшы мамандықтарының «World skilles» байқауларында механика мен электроника­ны байланыстырған мехатроника­ға ерекше мән беріліп жүр. Осы оқу орнының студент­тері де «World skilles» қозғалы­сы бойынша Ақтөбе облысында өткен жарыстарда 2019 жылдан бері 1-орыннан түспей келсе, республикалық байқаулардан да екінші, үшінші орын алды. Оқытушылар кен орындарына қызмет көрсетуші салаға маман дайындап беруге әзір.

Колледж зертхана­ла­рын­дағы оқып-үйренуге арналған заманауи жабдықтар грант және әлеуметтік серіктестердің қаржысына жасақталған. Қо­сым­ша қаржы көздері жаңа оқу­лықтар, электронды оқу­лықтар сатып алуға мұға­лім­дерді ынталандыруға жұм­салады. Осы оқу орнының тү­­легі, өндірістік оқу шебері Арлан Талғат та «World skills», «ERG skills» жобаларының қатысушысы. Қыркүйекте Маңғыстауда жұмысшы ма­ман­дықтары арасында өтетін байқауға электромонтаж құ­зы­­р­еттілігі бойынша сайысқа түседі. Электромеханик ма­ман­дығын бітірген ол 1-курстан мехатроника, өндірістік автоматтандыруды қызығушылық­пен оқығанын айтады. «World skills»-ке электромонтаж ма­ман­дығы бойынша бірнеше студент дайындалып жатыр. Михаил Риппер республика­лық сайыстан озып шығып, Еуропа елдерінің арасындағы жұмысшы мамандықтары бо­йынша қыркүйекте Дания­да өтетін «Euro skills» чемпионатына электромонтаж мамандығы бойынша қаты­сады. Жүлдеге ие болса, әлем­дік сайысқа жолдама алады. Ол электр өткізгіштерін ком­пьютерлік бағдарлама арқы­лы құрастырады. Еуропа чемпионатында сызбаның орнына алгоритм ғана беріліп, қатысушының логикалық ойлау қабілеті сынға түспекші.

Оқу ғимаратында слесарь, дәнекерлеу ісін, электро­монтажды оқытатын, кен­дегі хромның құрамы мен бас­қа металдардың қоспасын анық­тайтын зертхана да бар. Кейін­гісіне 2020 жылы «Жас маман» бағдарламасынан ұтқан қаржыға зертхана жабдықта­ры сатып алынды. «Бұл жерде студенттер кеннің сапасы, ауызсудың хроммен ласта­нуын зерттейді, фосфор, марга­нец, ауыр металдарды анықтайды», дейді химиялық талдау зертха­насының меңгерушісі Айнұр Өтеуова.

Нұрболат Самұратов Дөң кен байыту комбинатында 20 жылдан бері жұмыс істейді. Хромтау колледжін бітірген бойы комбинатқа кенші болып орналасқан. Бүгінде тау-кен шебері. Арнайы бағдарламамен тұрғын үйге қол жеткізген. Төрт баласы спорт мектебіне тегін қатысады, жазғы каникулда комбинатқа қарасты «Мұ­ғалжар» лагерінде демалып келген. «Шахтадағы жұмыс таң алагеуімнен басталады. 20 шақырым тереңдікке түсіп, жерасты желдеткішін тексеріп, ауа сапасын бақылаймыз. Жұ­мыс күнінің ұзақтығы –12 сағат. 7 күн істеп, жеті күн демалып, бекітілген 1,5 мың сағатты игереміз», дейді ол.

Маман даярлаудағы жаңа­шыл­дығымен ерекшеле­не­тін, өндіріс пен қолданбалы ­зерт­­теулерді тоғыстыру арқа­сын­­да өндіріске қажетті маман­дар даяр­лап келе жатқан, дуал­ды оқыту жүйесіндегі көш­бас­­шы және халықаралық жоба­­лар­дың белсенді қатысу­­шы­сы –Хромтау тау-кен тех­ника­­лық жоғарғы колледжі­нің тәжі­рибесі өзге­лерге үлгі боларлық.

 

Ақтөбе облысы