Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында садақ атудан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жер-жаһанның әр қиырынан жиналған құралайды көзге атқан мергендер бір апта бойы сайысқа түсіп, 10 жүлде жиынтығын сарапқа салады.
Садақ атудан әлем чемпионаты 1931 жылдан бері өтіп келеді. Биыл ол 52 мәрте жалауын желбіретіп отыр. Сол аралықта АҚШ құрамасы ең көп табысқа қол жеткізді. Америкалықтар 132 (63 алтын+37 күміс+32 қола) мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Олардың басты бәсекелестері Оңтүстік Кореяның мергендері 111 (59+27+25) жүлде алды. Одан кейінгі сатыларға Швеция (18+20+20), КСРО (14+8+4), Польша (13+12+9) жайғасты. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарында Италия (11+9+8), Ұлыбритания (9+18+27), Франция (8+15+13), Дания (7+11+9), Ресей (7+5+6) бар. Аталған жарыста барлығы 27 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 44 елдің туы биікте желбіреді.
Жүлде алған команда қатарында еліміз де бар. 1993 жылы Түркияның Анталья қаласында өткен байрақты бәсекеде классикалық садақ атудан сынға түскен Яна Туниянц қола медаль алды. 1972 жылы Алматыда дүниеге келген Янаның басқа да халықаралық жарыстарда жеңіп алған жүлделері жетерлік. 1997 жылы Ыстанбұлда ашық ауада ұйымдастырылған командалық әлем чемпионатында күміспен күптеліп, 1998 жылы Бангкоктағы Азия ойындарында үздік үштікті түйіндеді. Оның алдында КСРО чемпионы атанып, Гран-при додаларында дараланды.
Арада 32 жыл өтсе де елімізде сол Яна Туниянцтің ерлігін қайталайтын бір мерген табылмай тұр. Одан кейін де еліміздің садақ атушылары әлем чемпионатында талай мәрте бой көрсетті. Бірақ бірде-біреуі жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Кванджудағы додада Ильфат Абдуллин, Дастан Кәрімов, Иван Берча, Самира Жұмағұлова, Диана Тұрсынбек, Александра Землянова (классикалық садақ), Андрей Тютюн, Ақбарәлі Қарабаев, Ділмұхаммед Мұса, Әдел Жексенбинова, Виктория Лян, Роксана Юнусова (блоктық садақ) сынды спортшылар бақ сынап жатыр. Бәсеке 12 қыркүйекте өз мәресіне жетеді.