Қызылордадағы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Аманкелді Кененбаевтың «Сырдария» атты отбасылық шығармашылық көрмесі ашылды.
Биыл жетпіс жасқа толған Аманкелді Кененбаев Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесін үздік бітірген. Жиырма бес жыл бұрын Алматы қаласында алғаш рет «Длинные цветные сны» тақырыбында жеке көрмесі өткен өнер иесі туған өңір табиғатын рух пен тіршіліктің бейнесі ретінде суреттейді. Лондондағы Ұлыбритания патшайымы «Виктория – Альберт» жеке музейі мен Токио қаласындағы NIW галереясында өткен халықаралық көрмеге қойылған туындылары осы тұрғыдан көрермендерден жоғары баға алды.
Көрмедегі әр картинадан даланың кең тынысы сезіледі. Туынды тақырыбы көзге анық көрінетін бейнеден бөлек көмескілеу белгілерде тұрған сияқты. Су тасыған анасының артынан иінағаш іліп ерген қыз бейнеленген «Жол» атты картинаға анықтап қарасаңыз, ескі сүрлеудің ізін байқайсыз. Байқайсыз да, бәріміздің де ұлы тіршілікке сапарымыз осындай елеусіз соқпақтан басталғанын енді білгендей бір сәт үнсіз қаласыз.
Мына бір туындының аты – «Өткінші». Бет-жүзі көрінбейтін адамдар сұлбасынан бір жылулық есіп тұрғандай. Сәлден соң барып қалың тұманның арасынан сәуле шашқан жарқылмен астасқан қос бейне жастық дәуреннің белгісі екенін ұғына түсесіз. Бояулар арасынан өзіңізге таныс белгі іздеп, ұзақ аялдайсыз.
Кескіндемемен қатар мүсінші ретінде танымал өнер иесі «Сыр бойының батырлары», «Жанқожа батыр» монументтерінің, Франциядағы Ножан-сюр-Марн қаласында орнатылған Мұстафа Шоқай ескерткішінің авторы.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов, белгілі қылқалам шеберлері Өмірәлі Исмаилов, Темірбек Сағымбаев, Ғани Баянов, Құралбек Қосуақов қатысқан кеште әріптестері көрме иесін мерейлі жасымен құттықтап, құрмет көрсетті.
Көрмеге суретшінің әр жылдардағы 70-тен астам туындысымен қатар, жұбайы, қолөнер шебері Салтанат Қожантаеваның киізден жасаған бұйымдары да қойылды. Жасөспірімдерге арналған дәстүрлі «Кілем тоқу», «Асыл мұра», «Ши тоқу» үйірмелерін жүргізетін шебердің шәкірттері халықаралық «ART kunder house» байқауында, республикалық «Ата-баба мұрасын сақтаймыз және дамытамыз» атты балалар шығармашылығы көрмесінде бірнеше мәрте жүлделі орынға ие болған.
Қызылорда