Батыс Қазақстан облысы мен Қытайдың Ляонин провинциясы арасында ынтымақтастық нығаяды. Орал мен Цзиньчжоу бауырлас қалалар атанды. Шэньян шаһарында өткен халықаралық конференцияда осындай маңызды келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қытай мемлекетіне батысқазақстандық делегацияны бастап барған аймақ басшысы Нариман Төреғалиев 50 мемлекеттің өкілдері бас қосқан жиында Қытайдың ірі өнеркәсіптік орталығы саналатын Ляонин провинциясының әлеуетімен танысты.
«Батыс Қазақстан облысы – Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Астана қаласында жариялаған «Бір белдеу – бір жол» бастамасының маңызды транзиттік торабы. Келіссөздер мен қолдаудың нәтижесінде қытайлық компаниялар облыс аумағында сұйық метанол, цемент зауыттары, газтурбиналық және жел электр стансаларын салуға кірісті. Өзге де жоба-жоспар аз емес. Былтыр БҚО мен Қытай арасындағы тауар айналымы 1,5 есе өсіп, 175 млн АҚШ долларына жетті. Біз Ляонин провинциясымен инновациялық шешімдер, жасанды интеллект, өңдеу өнеркәсібі саласында инвестициялық байланыстарды одан әрі тереңдетуге дайынбыз», деген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев конференцияның жалпы отырысында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныс-пікірін жеткізді.
Қытайлық инвесторлар БҚО-да жаңа зауыттар мен электр стансаларын салады
Ляонин провинциясына қарасты шаһарлар әлемнің 96 қаласымен бауырлас. Бүгін бұл қатарға Батыс Қазақстан облысының орталығы да қосылды. Орал мен Цзиньчжоу қалаларының басшылығы бауырластық қатынас орнату туралы ниеттестік хаттамасына қол қойды. Оның аясында тараптар сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-спорттық және өзге де маңызды бағыттар бойынша тұрақты байланыс орнатуға уағдаласты.