Жаңа оқу жылында Шығыс Қазақстан облысында білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заманауи мектептер пайдалануға берілді. Биылғы оқу жылында облыстың 347 мектебінде 99 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде алғаш рет мектеп табалдырығын 9 729 балдырған аттаған.
2 қыркүйек күні Өскемен қаласында №31, №40, №41 мектептер алғаш рет есігін айқара ашты. Сонымен қатар Глубокое ауданының Белоусовка ауылындағы №2 орта мектебі мен «Опытное поле» мектебі, Зайсан қаласындағы «Сауыр» орта мектебі оқушыларды қабылдай бастады.
Аталған жобалар Білім беру инфрақұрылымын дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Одан бөлек, Риддер қаласында 600 орындық №12 мектептің лентасы салтанатты түрде қиылды. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Өңір басшысы сыныптарды аралап, ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына назар аударып отыр. Ел ертеңі үшін ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Бүгінгі ұрпақтың білімді азамат болып қалыптасуы үшін барлық жағдай жасалуда, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Қазір Риддерде «Казцинк» компаниясының қаржыландыруымен тағы 600 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Нысан келесі жылы пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, құны 8,3 млрд теңгені құрайтын 200 орындық жыл бойы жұмыс істейтін балаларға арналған демалыс орталығының жобасы әзірленуде. Риддерде қосымша 6 білім нысанына жөндеу жүргізіліп жатыр. Биыл роботтехника, биология және физика бағытындағы 3 жаңа кабинет сатып алынады.
– Білім күні қарсаңында облысымыздың жер-жерінде жаңа мектептер ашылды. Ертеңгі болашақ үшін ең әуелі осы білім саласын жолға қоюымыз керек. Ол бағытта айтулы жұмыс жүргізіліп жатыр. Қуаныштымыз, – дейді №41 мектептің ата-анасы Айнұр Әділбекқызы.
Айта кетерлігі, жаңа оқу жылы қарсаңында облыстағы 319 мектеп асханасы толықтай жөнделіп, барлық қала мен аудандарда оқушылардың тамақтану сапасын бақылау топтары жұмысын бастады.
Білім саласындағы ауыз толтырып айтар жаңалықтың тағы бірі, Ұлан ауданындағы Бозанбай орта мектебін ерекше атап өтуге болады. Ол еліміздегі үздік 100 мектептің қатарына енді. Мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық база жаңартылды. Жаңа оқу кабинеттері, кітапхана, телестудия, STEM-зертхана және заманауи спорт залы ашылды.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы – балалардың кең сыныптарда сапалы білім алуына, заманауи спорт залдарында шынығуына, IT-кабинеттер мен зертханаларда жаңа технологияларды меңгеруіне мүмкіндік жасайды.
Шығыс Қазақстан облысы