Асқақ Алатаудың саф ауасы биікке көтерілген сайын жан сарайыңды ашады. Жасыл кілемдей жайқалған байтақтың көз жауын алатын пейзаж жаныңа ғажап күй сыйлайтыны анық.
Ал тау ішінде желе жортқан төрт түлік төресі жылқы – Ұлы даланың сәні. Таудағы әрбір көрініске көз суарып тұрып, Меркіні жердің көркі демеске амалың қалмас. Өйткені мұндағы табиғат кереметі тамсандырмай қоймайды.
Меркінің кереметі – әудем жердегі биік жартастар мен өркеш-өркеш жоталар ғана емес. Беймәлім тілде ән салып тұрғандай әсерге бөлейтін сыңғырлаған бұлақтар да жанға рақат сыйлайтыны даусыз. Ал мұндағы балғын ауа өн бойыңды балқытады. Құмарлана жұтқан сайын құдды бір мейірің қанғандай күй кешесің.
Мұнда алғаш рет ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің құрылуы – заңдылық. Өйткені Меркі төрінде «Қызыл кітапқа» енген жануарлар жортып жүр. Тау ішіндегі тамаша туралы талай естігенбіз. Жергілікті жұрт та мұндағы қар барысы туралы тамсана айтатын.
Шамамен бес-алты жыл бұрын болса керек, «Меркі ормандар және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің қызметкерлері Қырғыз Алатауындағы жергілікті маңызы бар «Меркі» қаумалының кіреберісіне орнатылған фототұзаққа алғаш рет қар барысы түсіп қалғанын қуана хабарлаған еді. Осы хабар талай адамды селт еткізгені есімізде. Шынтуайтында, бұл сәйкестік емес, одан кейін де ерекше қорғауды қажет ететін жануар фототұзаққа әлденеше мәрте ілінген болатын. Осы деректерге зер салып отырып-ақ мерейлі Меркі жеріне Тәңір тарту еткен байлық аз емес екенін пайымдауға болатындай. Тек табиғи байлықты көздің қарашығындай қорғау керек.
Бұдан бөлек, 2020 жылдың өзінде 23 бас арқар фототұзаққа ілінген еді. Ал кейінгі бес жыл бедерінде тау ішінде жортқан аң қарасы едәуір артқанына ешкімнің таласы жоқ шығар. Жалпы, өңірде қар барысының пайда болуы – орман қоры жерлерінің ойдағыдай сақталғанының көрінісі.
Расында, байтақ даланың байлығын сақтау, қорғау – баршамыздың адами парызымыз. Содан да болса керек, мамандар әлденеше жыл бұрын Меркі өңірінде ерекше қорғалатын табиғи аймақ құру қажеттігін айтып мәселе де көтерді. Мұндай парк құрылса, аталған аумақта аңшылықпен айналысуға, жеке шаруашылық жұмысын жүргізуге тыйым салынатыны белгілі ғой. Оған қатысты БҰҰ-ның арнайы бағдарламасы да бар. Сол арқылы табиғат тамашасын сақтауға мүмкіндік туары анық. Әйтпесе, жылдар бойы заңсыз аң аулауға бет бұрғандарға қатысты хаттамалар толтырылып келген еді. Енді, міне, сол олқылықтың орны толған секілді.
Жалпы, Меркі жері экологиялық туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Тау ішіндегі жыландай ирелеңдеген жолды жарып өткен сайын тарихтан тамыр тартқан тамаша жерлер жолай ұшыраса береді. Мұндағы тарихи жерлердің де өзіне тән түрлі атауы бар...
Ел Бүркітсай атап кеткен жерде де тіршілік қызып тұр. Ал Бүркітұяның өзіне тән тарихы тағы бар. Ел аузындағы деректерге жүгінсек, тау ішіндегі жартастар қанат қаққан қыран құстардың аялдайтын сүйікті мекеніне айналып үлгерген көрінеді. Олар осы биік жартастарға ұя салған соң, жергілікті жұрт осы маңды Бүркітұя атап кеткен. Осындағы шатқалдарға меркіліктер «Ледник» деп ат қойып, айдар таққан. Бауырын жыл он екі ай сірескен ақ кіреуке басып жататын өлкені «мәңгі мұздықтар мекені» деп айтатындар да жеткілікті.
Ұзақ жылдар бойы айтылған мәселе оңынан шешіліп, өңірде «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі құрылды. Осылайша, меркіліктердің жылдар бойы тілге тиек еткен өзекті мәселесі шешімін тапты деуге толық негіз бар. Ерекше қорғалатын табиғи аймақ мәртебесіне ие парк аумағында атқарылатын жұмыс ауқымы аз емес. Өйткені бұл жоба БҰҰ-ның Даму бағдарламасының аясында іске асырылып отыр. Сондықтан да жауапкершілік жүгі ауыр. Расында да, көркімен көзді арбаған Меркі жерінде айрықша қорғауға алатын жерлер жетіп-артылады. Енді жергілікті атқарушы билік өкілдері мұндағы бай табиғи мұраны көздің қарашығындай сақтауға басымдық бермек. Табиғи парктің жалпы аумағы 86632 гектарды құрайды. Ұлан-ғайыр жерді алып жатқан аумақта ерекше өсімдіктер мен сирек кездесетін жануарларды қорғау жұмысы қарқын алатын күн алыс емес. Осылайша, облыс және аудан билігі Меркі тауындағы табиғи байлықты айрықша қорғауға алуға ниетті.
Шынтуайтында, Меркі десе, Қарақыстақ үстіртіндегі Көккөл туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Ел арасында Әулиекөл атанып кеткен табиғат тамашасы туралы көптеген мақала жазылса да, мұндағы кереметті сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар.
Қалай десек те, қасиетті жердің қойнауға бүккен құпиясы әлі күнге дейін толық ашылған жоқ. Содан да болса керек, Көккөлге аңсары ауғандардың қарасы азаяр емес. Жамбыл жеріне аяқ басқан азаматтардың дені дәл осы Әулиекөлді көргісі, мұндағы атмосфераны бір кісідей сезінгісі келеді. Көккөлдің құпиясы туралы жергілікті азаматтардың пайымын тыңдауға құштар жандар да жеткілікті.
Меркіліктердің айтуынша, мұнда беймәлім бір мақұлықтың мекендейтіні туралы әпсана тарап үлгерген. Тіпті үстінен ұшқан құс та, жағасына жақындаған аң да, су ішуге барған малдың да ғайыптан жоғалып кететіні туралы аңыз бар. Мұндай мәліметтер кімді де болса қызықтыратыны анық.
Бір қызығы, мұнда Әулиекөлмен қатар Тамырлыкөл, Сарыкөл, Бұзылғанкөл, Астаукөл деген тағы да төрт көл жатыр. Олардың да суы бірқалыпты, деңгейі өзгермейді. Бұл көлдер туралы ел ішінде айтылатын мың түрлі әңгіме бар демесек, ғылыми тұрғыда зерттелген деп толық айта алмайтынымыз тағы бар.
Қалай алып қарасақ та, Меркі аумағындағы таудың өзіне тән артықшылығы бар екені талас тудырмайды. Мұнда экологиялық һәм экстремалды туризмді дамытудың маңызы зор. Біршама уақыт бұрынғы дерекке сенсек, демалыс күндері үш мыңға жуық демалушы келіп жүріпті. Осыған қарап-ақ тау ішіндегі табиғи байлықты тамашалаушылардың саны уақыт өткен сайын артпаса, кемімейтінін түсіну қиын емес. Себебі Меркідегі табиғи байлық жан баласын қызықтырмай қоймайды.
Біраз уақыт бұрын Меркі жерінде республикалық альпинистер фестивалі ұйымдастырылып, елдің әр қиырынан келген қатысушылар биіктігі 3 мың метрден асатын 4 шыңға табан тіреп, оларға жаңа атау бергені туралы БАҚ-та жарияланған еді. Осы жұмыстарға қарап-ақ мерейі тасыған Меркі жерінде экологиялық туризмді дамытудың алғышарты жасалғанын бағамдау қиын емес. Енді тек әлеуетті инвесторлар ат басын бұрса, көркімен көз суарған Меркі жерінде түрлі жобаны жүзеге асыруға мол мүмкіндік туатыны анық.
Фестиваль алдағы уақытта да жалғасын табады деген ақпарат тараған еді. Өйткені мұнда әлі де бағындыруға тиіс шыңдар аз емес. Олардың биіктігі 4 мың метрден асатын көрінеді. Түсіне білгенге, бұл да – табиғаттың таусылмас тамаша байлығы.
Сонымен, жаңадан ашылған «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында қандай байлық бар? Жалпы, бұл ерекше қорғалатын аумақта алдағы уақытта қандай шаруалар қолға алынбақ? Ресми дерекке сенсек, ұлған-ғайыр аумақта экотуризмді дамытуға басымдық берілетін көрінеді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы билік өкілдері экологиялық тепе-теңдікті қорғауға назар аударады.
«Парктің биологиялық әртүрлілігі аумақтың ерекше байлыққа ие екенін айғақтайды. Бұл аймақты Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысы, арқар, үнді жайрасы, қызыл қасқыр, Түркістан сілеусіні секілді аңдар мекендейді. Кейінгі санақ нәтижелері бойынша парк аумағында 8 қар барысы, 120 арқар, 20 үнді жайрасы мен 22 сілеусін тіркелген.
«Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі – табиғатты қорғау шараларын жүйелеумен қатар, ғылыми зерттеу жүргізуге, экологиялық ағартушылықты арттыруға, тұрғындар мен қонақтар үшін экотуризмді дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін тауға шығу, жаяу және атпен серуендеу, құстарды бақылау сияқты экотуристік бағыттар қарастырылып жатыр.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, парк аумағында туристік соқпақтар, танымдық бағыттар мен демалыс аймақтары кезең-кезеңімен қалыптастырылып, «табиғатты қорғау талаптары қатаң сақталатын болады», делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Иә, мұнартқан Меркінің шатқалдары – қасиет дарып, құт қонған өлкенің мақтанышы. Мұндағы табиғат тамашасынан алыстаған сайын тау шыңдарына тағы көтерілгің, табиғи байлықты көзбен тамашалай бергің келеді. Өйткені тау баурайындағы тірі пейзаж адам жанын баурап алады. Мұндағы Қызыл кітапқа енген жануарлар – өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің таусылмас байлығы. Сол табиғи байлықты көздің қарашығындай сақтаудың қай кезде де маңызы зор.
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы