Қоғам • Бүгін, 09:13

Депутаттар маңызды нысандарды аралады

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Депутаттар өңірдегі бірқатар нысандарды аралап, инфрақұрылымның дамуы және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысты. Сондай-ақ жергілікті тұрғындармен кездесіп, мұң-мұқтажына құлақ түріп, түйткілді мәселелерін бірлесе талқылады.

Депутаттар маңызды нысандарды аралады

Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалдин «Жезқазған – Қызылорда» тас жолының жағдайын бақылап қайтты. Аймақтағы автожолдың 200 шақырымнан аса бөлігі жаңартылып жатыр.

Ерболат Сатыбалдин жөн­деліп жатқан жолдардың сапасын жеке бақылауына алды. Әрі мердігерлерге жұмыс қарқынын жеделдету керегін айтты. Сондай-ақ ол тұрғындармен кездесіп, халықты заңнамалық деңгейде атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.

– Егер бұрын ақылы жолдардан түскен қаражат тек сол жолдардың жөндеу жұмыстарына ғана жұмсалса, енді ол бүкіл инфрақұрылымның дамуына пайдаланылады. Сонымен қатар автокөлік иесі ақылы жолға берешегі болса, көлікті сата алмайды немесе қайта тіркей алмайды. Жүргізушілер мен тасымалдаушылардың бірінші санаттағы ақылы жолдар сапасына қатысты шағымдарын тыңдасаңыз, заң жобасының маңызы айқын көрінеді. Жүргізу­шілер ақылы жолды уақтылы төлесе де, жол сапасының төмендігі салдарынан көлікті жөндеуге қосымша шығындану­ға мәжбүр болады. Егер бұл қаражат тегін жолдарға бағыт­талса, сапа стандартын арт­тыруға және халықтың жол сапасына деген сенімін нығайтуға мүм­кін­дік береді, – деді Е.Сатыбалдин.

Жетісу облысына жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетек­шісі Азат Перуашев жақын­да Талдықорғанда ашыл­ған «ASMA Industrial» заманауи өндірістік аккумулятор зауыты­ның тыныс-тіршілігімен танысты.

Бұл зауыт – аталған облыс үшін маңызды инвестициялық жоба. Оған 3 млрд теңгеден астам қаржы құйылып, 180 жаңа жұмыс орны ашылды.

– Біз жаңа технологияларды қолдауымыз керек. Егер заманауи талаптарға сай мемлекет болғымыз келсе, экономикалық жобаларды жүзеге асырып, осындай зауыттарды іске қосу аса маңызды, – деді А.Перуашев.

Кәсіпорынды аралау барысында депутат шикізат жеткізу, салық салу және басқа да бір­қатар мәселеге назар аударды. Зауыттың бас директоры Серік­бай Әжмағанбетов бұл бағытта ешқандай түйткіл жоқ екенін, шикізат жеткізу уақтылы жүзеге асырылып отырғанын жеткізді.

Ал Мәжіліс депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Наурыз Сайлаубай Қапшағайдағы №6 жағажайда жұмыс істейтін кәсіп­керлермен кездесті. Жүз­десуде жағалау аумағын абаттандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және бизнестің мүддесін қорғау мәселелері талқыланды.

Кездесуге Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы­ның, «Жасыл қала» мекемесінің өкілдері мен өзге де кәсіпкерлер қатысты.

Наурыз Сайлаубай Қапшағай суқоймасының туристік әлеуетін бизнес өкілдерімен бірлесе дамы­ту­дың маңыздылығын атап өтті.

– Жағалау аймағының дамуы кәсіпкерлердің құқықтарын шектеу есебінен емес, олармен әріптестік арқылы жүзеге асуы үшін күш саламыз. Туризмді дамытуға өз күшін де, қаражатын да жұмсап жүрген азаматтардың мүдделері қорғалуға тиіс, – деді депутат.

Кездесуге бастамашы болған кәсіпкердің бірі – Қамбар Байкенов. Ол туризм саласының басқарылуға тиісті құрылымда болуы керек екенін айтты.

Басқосуда кәсіпкер­лер инже­нерлік коммуника­ция­лар­дың жоқтығы, кешенді абаттан­дыру­дың қажеттілігі мен әкім­шілік шектеулер сияқты бірқатар мәселеге назар аударды. Қала әкімдігі мен тиісті мекеме өкілдері бұл мәселелерді бірлесе шешуге дайын екендерін жеткізді. Кездесу аяғында осы маусымның соңына дейін №6 жағажайды дамыту жоспарын дайындау туралы шешім қабылданды.