• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:48

Баспанамен қамту – басты назарда

10 рет
көрсетілді

Тараз қаласында халық саны жыл өткен сайын артып келеді. Халықтың көбейгені жергілікті атқарушы билік өкілдеріне зор жауапкершілік жүктейтіні анық. Мұндайда қала әкімдігі әлеуметтік мәселелерге, соның ішінде тұрғындарды баспанамен қамту жайына баса назар аударады.

Халықты тұрғын үймен қамту жергілікті ат­қарушы билік өкілде­рінің басты міндеті екенін Мем­лекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев та ұдайы айтып келе­ді. Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Тараз қаласында кейінгі уақытта ауқым­ды жұмыс атқарылып жатыр. Жауапты тұлғалар бірінші кезекте әлеуметтік осал топтағы аза­­­мат­­тардың жағдайын жасауға басым­дық беріп келеді.

«Қазір қала бойынша 22 мың­нан астам азамат пәтер алу үшін кезекте тұрғаны белгілі. Расында тұрғындарды баспанамен қамту – өзекті. Ал бұл түйінді шешу – біздің міндетіміз.Шаһар халқын тұрғын үймен қамту мәселесін жүйелеу мақса­тында облыс орталығында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын көзі қарақты қауым көріп, біліп отыр. Мәселен, былтыр «Сәулет» шағын ауданында 16 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалану үшін қабылданды. Ал қалған бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмысы осы жылға өтпелі болып тұр. Жал­пы, облыс орталығында кейін­гі бірнеше жылдың бедерін­де жаңа шағын аудандарда бой көтер­ген көпқабатты тұрғын үй­лер есебінен жүздеген отбасы бас­паналы болып, қоныс тойын тойлағаны мәлім», дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Расында, Тараздағы «Ұлы дала» шағын ауданы бір қауым ел қоныстанған аймаққа айналып отыр. Облыс орталығы екі әкімшілік ауданға бөлінгелі бері дәл осы «Ұлы дала» шағын ауданында абаттандыру жұмысы жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Бірінші жарты жылдықта аталған шағын ауданда 34 көп­қа­батты тұрғын үйдің 12-сі пайда­лануға беріліпті. Қалған 22 үйдің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, ел арасында 14-шағын аудан аталып кеткен «Әулиеатада» 22 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмысы қолға алынған.

«Асанбай Асқаров көшесі­нің аяғындағы тұрғын алабына қосымша 66 үйдің жобалау-сметалық құжаттамалары әзір­леніп, сараптама қорытындысы алынды. Республикалық бюджетке өтінім жолданып қойылған. Бұл 66 тұрғын үйдің 30-ының құ­рылысын осы жылы бас­тау жоспарланған.

Бұдан бөлек, «Тұрғын үй-ком­мунал­дық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырым­дамасы» аясында 2024 жылы халықтың әлеу­меттік осал топтары үшін 9,9 млрд теңгеге 669 пәтер сатып алынды. Оның ішінде респуб­ликалық бюджет есебі­нен 2,1 млрд теңгеге 162 пәтер сатып алынса, 2025 жылы әлеуметтік осал топтар үшін 140 пәтер сатып алуға рес­­пуб­ликалық бюджеттен 1,9 млрд тең­ге қарастырылды», дейді қала әкімі.

Қала әкімдігі 2005 жылдан күні бүгінге дейін баспана кезе­гінде тұрған азаматтардың мәселесін біртіндеп шешу үшін нақты жұмысты қолға алды.

«Жергілікті халықтың өтінішін кезең-кезеңімен қанағаттандыру мақсатында Асанбай Асқаров көшесінің аяғынан 312 гектар, «Хамукат» алабынан 126 гектар және «Қарасайдан» 126,6 гектар жер қарастырылып жатыр. Жалпы көле­мі 564,6 гектарды құрайтын жер телімін мемлекет меншігіне алып, инфрақұрылым жүргізу үшін нақты жұмыстар атқарылады. Қазірге дейін 16 ша­руа қожалықтан жер учаске­лері мемлекет меншігі үшін қайта­рылды. Бүгінгі таңда жеке тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға жер телімін беру мақсатында тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп жатыр», дейді Б.Орынбеков.

Облыс орталығындағы көп­қабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жасау өткен жылы қолға алынған болатын. Нәтижесінде, тозығы жеткен көп үйге уақыт талабына сай жөндеу жүргізілді. Қала басшысының айтуынша, қолға алған бұл іс алдағы уақытта да жалғасын табатын көрінеді.

«Тараз қаласында 1438 көп­пәтер­лі тұрғын үй бар. Олардың 151-і барак типтес болса, 1287 көпқабатты тұрғын үй екенін айта кеткен жөн. Облыс орталығындағы 1103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асып кеткен. Оның 553-і күні бүгінге дейін күрделі жөндеуден өткізілсе, қалған 550 үй дәл сондай күрделі жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша биыл Абай даңғылы, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 16 үйдің сәулеттік келбетін жаңартып, қаладағы жөндеуді қажет ететін үйлердің санын азайтамыз деп отырмыз. Қазірде үйлердің жөндеу жұмыстары бас­талып кетті», дейді қала әкімі.

 

Тараз