
Жыл сайын орта есеппен 54 мыңға жуық сәби дүниеге келетін өңірде соңғы екі жылда ана мен бала өлімінің көрсеткіштері тұрақты түрде төмендеген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің айтуынша, бұл оң динамика профилактикалық скрининг, перинаталдық көмек және кадр дайындығы жүйесіндегі сапалы өзгерістердің нәтижесі. Бүгінде өңірде перинаталдық скринингпен қамту деңгейі 88%-ға жеткен. Бұл – халықаралық стандарттарға жақындаған жоғары көрсеткіш. Бұл мақсатта 47 УДЗ маманы оқытылып, оның 12-сі Ұлыбританиядағы Fetal Medicine Foundation (FMF) сертификатына ие болған. Осы шаралардың нәтижесінде туа біткен даму ақауларының ерте диагностикасы 4%-ға артқан.
Жалпы өңірде осы жылдың 6 айында 22 638 бала дүниеге келген. Облыста 22 перзентхана қызмет көрсетеді. Босандыру ұйымдарында 319 акушер-гинеколог, 89 неонатолог, 101 анестезиолог-реаниматолог жұмыс істейді. 165 акушер-гинеколог ота жасау дағдыларын меңгерген.
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері №1 облыстық перинаталдық орталығында 4050 нәресте дүниеге келді. Оның ішінде, 72-сі – егіздер. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 271 балаға көп.