Ақтау қаласында Каспий күніне орай ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Ғаламдық климаттық өзгерістер жағдайындағы Каспий теңізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Қоғамдық коммуникациялар орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара Маңғыстау облысы әкімдігі, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі және Тегеран конвенциясы хатшылығының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Оған Тегеран конвенциясы хатшылығының өкілдері, мемлекеттік органдар, ғылыми-зерттеу институттары, жас экологтар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар климаттың өзгеруі Каспий теңізі экожүйесіне қалай әсер етіп жатқанын талқылап, оның кері әсерін азайтуға бағытталған ұсыныстар әзірледі.
Іс-шара барысында Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының маманы Гүлнұр Әбдіғалиева итбалықтардың тіршілік ортасын сақтау шараларының мақсат-міндеттері туралы айтып берді.
«Мұндай шараларды үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңде міндетті түрде талдамалық жұмыс жүргізілуі қажет. Архивтік материалдарды, есептер мен бұрын жасалған зерттеулерді пайдалана отырып, сараптамалық шолу ұйымдастырылады. Екінші кезең – әдістемелік жұмыс. Бұл кезеңде сыртқы факторлардың итбалықтардың мінез-құлқына әсері мен балықтарға акустикалық ықпалы зерттеледі. Сонымен қатар шу мен діріл сияқты факторлар қарастырылады. Үшінші кезеңде нақты іс-шаралар бойынша ұсыныстар әзірленеді. Мысалы, маусымдық кезеңдерге байланысты кемелер қозғалысын реттеу, уылдырық шашатын аумақтарды қорғау және балық қорын арттыру бойынша ұсыныстар енгізіледі», деді Гүлнұр Әбдіғалиева.
Сондай-ақ кездесуде «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңестің төрағасы Орынбасар Тоқжанов Каспий теңізінің проблемаларына тоқталды.
«Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі – бұл тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін фактор. Біз теңіз табиғатын сақтау және оның болашағын қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі тараптардың күшін біріктіруіміз керек», деп атап өтті Орынбасар Тоқжанов.