Өткен айда Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерді ресми бекітіп, құжатқа қол қойған еді.
Базалық медициналық көмек тізімі жаңарады
Жалпы, МӘМС жүйесіне осы кезге дейін ел арасында сын аз айтылған жоқ. Медициналық көмектің аралас пакеттеріне және саланы тұрақты қаржыландыруға байланысты қайшылық болғаны рас. Ендеше, аталған жүйеге қандай өзгеріс енгізілді, оны оңтайландыру бағытындағы қадамдар қалай жүзеге асырылып жатыр?
2018 жылдан беріге дейін елде халық саны 7%-ға артты. Есесіне, медициналық көмекке жүгінетіндерден 60 жастан асқан азаматтар 28%-ға, балалар 18%-ға көбейген. Сондай-ақ бес негізгі созылмалы инфекциялық ауру бойынша сырқаттану деңгейі 9%-ға артқан. Жалпы, саладағы тәуекелдерді азайту мақсатында қаржыландыру жүйесі түгел қайта қаралды. Бүгінде бюджеттің мүмкіндіктері мен міндеттемелерін ескере отырып, базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін құру бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатқан көрінеді.
Бұл пакетке кірмейтін қызметтер медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландырылады. Өзгерістердің жөн-жобасын Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесін жетілдіру және талдау департаментінің директоры Ләззат Шоманова айтып берді.
«Жаңа тәсілдердің басты жаңалығының бірі – Бірыңғай пакетті енгізу. Бұл медициналық көмектегі қайталануды жойып, жүйенің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 2026 жылдан бастап ТМККК мен МӘМС пакеттерін кезең-кезеңімен біріктіреді. Оның алғашқы кезеңі 2025 жылдан басталады. Осының арқасында кең таралған аурулар бойынша базалық медициналық көмектер сақтандырылған мәртебесінің бар-жоғына қарамастан барлық азаматқа кепілді түрде көрсетіледі. 2027 жылға қарай денсаулық сақтау жүйесінде ашық әрі сақтандыруға негізделген қаржыландыру моделі қалыптасады. Әр пациент қажетті медициналық көмекті дер кезінде ала алады. Ресурс тиімді бөлінеді. Осылайша, тиімді және әділ медициналық қызмет көрсету моделі қалыптасуға тиіс», – деді Л.Шоманова.
Жарнаны есептеу тәртібі өзгереді
Келер жылдың қаңтарынан МӘМС жүйесін реформалау аясында жүйедегі жарналар мен аударымдарды есептеу тәртібіне де маңызды өзгеріс енгізілмек. Жаңа нормаға сәйкес, МӘМС жарналары мен аударымдары есептелетін ай сайынғы табыстың ең жоғары шегі артады. Нақтыласақ, жұмыс берушілер үшін – 10-нан – 40 ең төменгі жалақыға дейін (ЕТЖ), жұмысшылар үшін – 20 ЕТЖ-ға дейін. Осы өзгерістен кейін жоғары жалақы алатын қызметкерлерге қатысты жасырын жеңілдік жойылады. Өйткені олар осы күнге дейін МӘМС-ке аз жарна төлеп келген. 2026 жылдан бастап олардың жүйеге қатысуы әділ болады.
– Аталған өзгеріс шамамен 9% жалдамалы қызметкерлер мен олардың жұмыс берушілерін қамтиды. Сонымен қатар жыл сайын шамамен 200 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы ресурсы түседі. Қаражат МӘМС аясындағы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталады. Бұл шешім денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға және азаматтардың табысына сай жарна төлеуді көздейтін ынтымақтастық қағидатын күшейтуге бағытталған, – дейді Л.Шоманова.
Осыған қоса, 2027 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға мемлекет тарапынан түсетін жарналардың мөлшері біртіндеп артады. Демек, осы арқылы жұмысшылар мен жұмыс берушілердің төлейтін жарна көлемін ұлғайтпай, медициналық көмек жүйесінің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге болады. Мемлекеттен қаралатын қаржы кезең-кезеңімен өсіп отырса, жарна мөлшері биылғы 2%-дан 2037 жылға қарай 4,7%-ға дейін артады деген болжам бар. Осы өзгеріс жүйеге қосымша 2,8 триллион теңге қаржы тартуға мүмкіндік бермек.
Жергілікті бюджет есебінен кімдер сақтандырылады?
Жұмыссыздар әлеуметтік жағдайдағы азаматтардың жарна мәселесі бар жергілікті бюджет есебінен төленіп, МӘМС жүйесіне қатысушылар саны артады.
Былтыр шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды тапсырған еді. Сол жиында Президент «Әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыруға аударымдар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс», деді. Осыдан кейін халықты МӘМС жүйесімен барынша қамтуға мүмкіндік беретін іс-шаралар қабылданды. Қазір шамамен 16,7 млн адам сақтандырылған, бұл халықтың 82,3%-ын құрайды. Олардың ішінде 12,1 млн адам (72,5%) жеңілдік санатына жатады. Ал жүйеден тыс қалған 3,3 млн азаматтың 2,4 млн-ның өмір сүру деңгейі жақсы және қанағаттанарлық. Шамамен 1 млн адам дағдарыс және төтенше әлеуметтік жағдайдағы, яғни табысы төмен, отбасының негізгі қажеттіліктерін әзер жабатын азаматтар. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, аталған соңғы топқа жататын азаматтардың МӘМС жарнасы жергілікті атқарушы органдар тарапынан тұрғын медициналық көмекке жүгінген кезде төленеді. Сонымен қатар ресми тіркелген жұмыссыздардың жарнасы да жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігінде болады. Осы іс-шаралардың нәтижесінде 2026 жылы шамамен тағы 1 млн адам МӘМС жүйесімен қамтылады деген болжам бар.