7 тамыз күні Астанада тоғызқұмалақтан еліміздің чемпиондары мен жасанды интеллект арасында тұңғыш рет тарихи ойын өтті. Адам мен алгоритм арасындағы бұл зияткерлік сайыс ұлттық дәстүр мен заманауи технологияны ұштастырған бірегей жоба ретінде есте қалды, деп жазады Egemen.kz.
«Тоғызқұмалақ чемпиондары vs ЖИ» атты ерекше форматтағы шара EXPO кешенінің B2.2 блогында орналасқан Денешынықтыру және бұқаралық спорт академиясында (APEMS) ұйымдастырылды.
Жасанды интеллектке қарсы ел намысын қорғаған спортшылар:
– Аяна Исахан – бес дүркін Қазақстан чемпионы, оқушылар арасындағы тұңғыш әлем чемпионы, жастар арасында Азия чемпионы, әйелдер арасындағы Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы; – Асылхан Қожанәсіп – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы, тұңғыш «Қазақстан зияткері» атағының иегері, 2024 жылғы «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығының лауреаты, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы.
Олардың қарсыласы – жас әрі дарынды әзірлеуші Нурске Абылай техникалық негізін қалаған интеллектуалды компьютерлік бағдарлама болды. ЖИ-мен ойын – адам мен жасанды интеллект арасындағы ой жүйесінің айқасы ретінде көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – зияткерлік спортты жаңа деңгейге көтеруге, ұлттық ойынды цифрлық форматта танытуға бағытталған тың бастама. Сонымен қатар, шара ұлттық мұраны қазіргі заманға бейімдеп, жастар арасында танымал ету мақсатын көздейді.
Жарыс барысында қатысушылар мен көрермендер үшін арнайы демонстрациялық сессиялар, пікір алмасу және шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Көпшілікке ашық форматта өткен бұл іс-шараға жасөспірімдер мен спорт мектебінің тәрбиеленушілері де белсенді қатысты.