• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Кеше

Бұйырғаны – жалғыз қола

40 рет
көрсетілді

Грузияның бас шаһары Тбилисиде семсерлесуден ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты мәреге жетті. Төрт­күл дүниенің әр қиырынан жиналған ең үздік нояндардың бәсекесін еліміздің құрама командасы бір қола медальмен қорытындылады.

Семсерлесуден әлем чемпио­наты 1921 жылдан бері ұйым­дастырылып келеді. 1937 жылы ресми жарыс мәртебесіне ие болды. Бұл бәсекелерде өзгелерге қара­ғанда қарт құрлық өкілдерінің табысы толағай. 1921–2023 жылдар аралығында өткен дүбірлі додаларда жеңіп алған жүлделерінің саны жөнінен алғашқы тоғыз орын еуропалықтардың еншісінде. Үздік ондықты АҚШ (12+16+18) түйіндесе, 11-орынды Украина (12+12+20) еншілеп отыр. Әлемдік додада барлығы 29 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 44 елдің туы көкте желбіреді.

Жекелеген спортшылар ­жа­йында айтар болсақ, ерлер ара­­сында ең көп олжаға кенелген – Ала­дар Геревич. ХХ ғасыр­дың 30–60 жылдары аралығында атой салған Мажарстанның мақ­танышы әлем чемпионатында 19 (14 алтын+2 күміс+3 қола) жүл­де олжалады. Геревичпен иық тіресе өнер көрсеткен италия­лық Эдоардо Манджаротти 26 (13+8+5) медальды мойынында жарқы­рат­ты. КСРО атынан қатысқан Станислав Позняков (10+5+2), Владимир Назлымов (10+3+2), Александр Романьков (10+2+3), мажарстандық Пал Ковачтың (10+2+0) қоржындарында 10 алтыннан бар. Әйелдер арасында италиялық Мария Валентина Веццалимен ешкім теңесе алмайды. ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында бақ сынаған ол жеңіс тұғырына 26 (16+6+4) мәр­те көтерілді. Мажарстанның мық­тысы Илона Элек 18 (11+5+2) жарыстан олжалы оралды. Ол 1933–1956 жылдары жасындай жарқылдады. Жаңа ғасыр табалдырықтан атта­ған тұста асқан шеберлігімен дү­йім жұртты тәнті еткен Апенин түбегі­нің тағы бір аруы Арианна Эрриго 22 (10+7+5) додада дараланды. 

Әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілгендер қатарында еліміздің де өкілі бар. Ол – Руслан Құрбанов. 31 жастағы Алтайдың тумасы 2023 жылы Миланда өткен жарыстың семсер жаттығуын­да қола медальға қол жеткізді. Р.Құрбанов тек мажарстандық Мате Тамаш Кох пен италия­лық Давиде Ди Веролиден қалып қойды. Екінші қола медальды франциялық Ромен Канон иелен­ді. Русланның Азия ойындарының ­үш дүркін жүлдегері, құрлықтың ­төрт дүркін чемпионы, Дүниежүзі­лік универсиаданың екі дүр­кін жүлдегері деген атақтары тағы бар.  

Тбилисиде, өкінішке қарай, жекелеген сайыста бірде-бір жерлесіміз жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Есесіне командалық жарыста жолымыз болды. Құрамында Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов, Елмир Әлімжанов, Кирилл Проходов сынды сайыпқыран­да­ры бар командамыз жартылай фи­налға дейін барлық қарсыласын сы­пыра ұтты. Олардың қатарын­да Ресей, Қытай, Италия секілді мықты ұжымдар болды. Одан ке­йін Жапонияға бір ғана ұпаймен есе жіберді. Үшінші орын үшін тартыста Францияның нояндарын 45:31 есебімен айқын ұтып, қола медальды олжалады.