Абай Құнанбайұлының өмір-тарихын терең білген адам – Мұхтар Әуезов. «Бірақ Мұқаң заман ағымы мен қоғамның саяси бағамына байланысты ақын өмірін сәл-пәл құбылтып баяндаған тұстары да бар. Ең дұрысы бұл кісінің 1927 және 1933 жылдары жазған «Абайдың туысы мен өмірі» атты естелігі» депті тағы бір абайтанушы Қайым Мұхамедханов.
Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойы қарсаңында 2013 жылы «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен жарық көрген «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» атты кітапта М.Әуезов 1927 және 1933 жылы жазған Абай өмірбаянының алғашқы шынайы нұсқасы жарияланыпты.
Осы нұсқада баяндалғандай, Құнанбайдың сыйлас, тұрғылас Қаратай атты замандасы болыпты. Бұл кісіні көзі қарақты оқырман «Абай жолы» туындысы арқылы жақсы біледі. Қарекең сөзге ұста, шешен адам екен.
Осы Қаратай бір күні мәжіліс құрып отырған Абай бастатқан бір топ жастың үстінен түсіп, жастардың заманын жамандап, өз заманын мақтай жөнеледі. Жас Абай сөзге араласып: «Сіздің заманыңызда тобықты мен сыбан елі арасында ұрлық, қарлық, барымта көп болды емес пе? «Әне, алып кетті, міне әкетті» деп кемпір-шал, қатын-қалаш, жас бала тыныштықпен асын іше алмаушы еді. Жақсы заманыңыз осы ма?», дейді.
Қаратай шешен жас Абайға бір қарап алып:
– Біздің заман сендерге қарағанда пайғамбарға бір табан жақын болды, – дейді. Сонда Абай:
– Биік таудың басы күнге жақын, бірақ ол жерде мәңгі мұздақ қар жатады. Ал төменгі баурайында неше түрлі өсімдік, алуан жеміс өседі. Алла рақметі алыс-жақынға қарамайды. Сіз пайғамбарға хазірет Әлидің әкесінен жақын емессіз, ол кәпір күйінде өлді емес пе, – дейді.
Сөзден тосылған Қаратай шешен досы Құнанбайға келіп болған жайды баяндайды. Құнекең баласын шақырып алып, суық көзін қадап отырып, көп ұрсады. Абай үндемейді. Қаратай келіп:
– Ей, бала, қайсымыз жақсы екенбіз? – дейді. Абай:
– Біздің тобымызға сіз келіп сөз айтқанда, бәріміз үндемей тыңдадық. Ал сіздердің ортаға келіп едім, қыруар адамды қаңтарып қойып жалғыз шал ауызға ұрып сөйлетпеді, – дейді. Қарекең басын бір шайқап аттанып кетіпті.
* * *
Абай – атақты қаз дауысты Қазыбек бидің тұқымы Алшынбайға күйеу бала. Яғни бәйбішесі Ділдә – осы елдің қызы. Бірде Абай атасы Алшынбай биге сәлем бере барады. Қайтарда қайын жұрты қазақы салт бойынша «Абайжан, қалаған-сұраған бұйымтайың не?» дейді. Абай қысырақ салған шұбар айғырдың үйірін сұрайды. Жылқысын қимаған Алшекең «сен одан да батамды алмадың ба?» дейді. Сонда Абай:
– Ондай батагөй шал өзімде де бар, – деп, аттың басын бұрып жүре беріпті.