• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға 01 Тамыз, 2025

Даңқты балуандарды шыңдаған бапкер

420 рет
көрсетілді

Күрес шеберлері, бапкерлері арасында Қадыркен Қожанов есімін білмейтіндер кемде-кем. Замамында бозкілемде мерейі үстем болған балуан спорттағы жетістігін бапкерлікпен ұштастырған еді. Астанадағы аға буын балуандар, жат­тық­тырушылар оны «Ақмола төңірегінде еркін күрестің мәртебесін биіктеткен тұлға» деп бағалайды.

Қадыркен Қожанов – Баян­­ауыл өңірінің тумасы. Спорт­тағы жолын осы өңірде бас­та­ған. Кейін Алматыдағы Қазақ дене шынықтыру институтында оқыған. Бабы келіп тұр­ған шағында еліміз құрама­сы­­ның сапында белдескен. Ересек­тер арасында өткен КСРО чем­пионатының күміс жүлдесін жеңіп алған. Республикалық дең­­гейдегі түрлі жарыстарда 55 кило салмақта төрт дүркін чемпион атанған.

Құрамадағы бірінші нөмір­лі спортшылардың қатарында болу кәсіби спортшыға же­ңіс­пен пара-пар. Қадыркен 1960 жылы Қазақ дене шы­нықтыру институтында оқып жүр­генде институттағы өзге спортшылармен бірге Цели­ноград қаласын­да өтетін жат­тығуға барады. Дене шы­нықтыру және спортты насихаттайтын шеберлік са­ғаты Ақмола құрылыс тех­ни­кумында ұйымдастырылады. Спортшылардың өнерін тама­шалаған қауымның қатарын­­­да «Даңқ» орденінің толық иегері, әйгілі Әлмұқан Сембинов бол­ған екен. Ол кезде қазақ батыры спортшылар өнер көрсету­ге барған ­құ­ры­лыс техникумы­ның директо­ры қызметінде екен. Білекті­лер бәсе­­­­кесін қызы­ға тамашала­ған Ә.Сембинов Қадыркен­нің мық­тылығына тәнті болады. Жат­тығудан соң балуанды ка­би­нетінде арнайы қабылдап, құрылыс техникумында дене шынықтырудан аға оқытушы болып жұмыс істеуге шақыра­ды. Мұндайды күтпеген жігіт Алматыдағы оқуын бірер жылда тәмамдаған соң, жұмысқа келетінін айтып, батырмен мақұлдасады.

«Уәде – Құдай аты» деген. Қожанов көктемде әйелі, волейболшы Алтын Қалкеновамен бірге Целиноградқа көшіп ке­ліп, жұмысын бастап кетеді. Араға үш жыл салып облыстық спорт комитеті қаладан жоғары спорт шеберлігі мектебін ашқан. Қожановқа сол спорт мекте­бін­де жұмыс істеуге шақыр­ту ке­­леді. Дәл осы кезеңнен Қ.Қо­жа­­­­новтың бапкерлік ман­сабы бас­­талып, ба­луан­дар­ даярлауға мықтап кірі­се­ді. Жастайынан спортқа ма­шық­танып, ортанқол емес, шын шебер­лермен айқасқан балуанға осыдан маңызды жұ­мыс жоқтай көрінеді. Қожа­нов қателеспепті, өйткені ол бастаған спорт мектебінің ба­луан­дары көп ұзамай-ақ ірі тур­нирлерде топ жара бастайды. Алғашқы толқынның ішінде еркін күрестен спорт шебері, кейін Қ.Қожановтың ізін басып, бапкерлікке келген Николай Альмурзиев бар.

– Қадыркен Сатыбалдыұлы – Ақмола өңірінде еркін күрес­тің жандануына мұрындық болып, осы салада мықты спортшыларды тәрбиелеген тұлға. Білікті бапкердің қол астына 1966 жылы келдім. Араға төрт жыл салып, спартакиадада топ жарып, спорт шебері атандым. Менен кейін де бірнеше толқын спорт шеберлерін даярлады. Қаламызда спорттың осы түрі­нің дамуына елеулі үлес қосты. Сол жылдары еркін күреспен шұғылданған бозбалалардың спорттағы әкесіндей болып кетті. 2004 жылға дейін еркін күрестен шаһардың бас жат­­тықтырушысы болды. Осы ара­лықта Астанада белді балуандар топтасқан мығым еркін күрес мектебін қалыптастырды. Тек бірнеше толқын спортшыларды тәр­биелеумен шектелмеді, білікті жаттықтырушыларды даярлап шы­ғарды. Бас жаттықтырушы ­ре­тінде қалада осы спорт түрі­нің дамуына, спорт мектептерінің ашылуына себепші болды. Ке­йін бапкер аға жаттықтырушы қызметін маған сеніп тапсырды. Біз де ұстазымыздың сенімін барынша абыройлы атқардық деп ойлаймыз, – дейді Николай Альмурзиев.

Даңқты бапкер 48 КСРО спорт шеберін, еліміздің 30 чемпионын даярлап шығарды. Кеңес одағының чемпиондары Александр Гинкель мен Виталий Ковалевты баптады. Қ.Қожанов­тан тәлім алған шәкірттердің барлығы дерлік өмірде өз орнын тапқан. Жасы келіп, үлкен спорттан алыстағандардың бірі ұстаз жолын жалғап, жаттықтыру­шы болса, екіншісі болашағын басқа саламен байланыстырды. Балуанның үздік шәкірттері әлі күнге Астанада жүздесіп жүреді. Қолдан келгенше спортқа қолдау көрсетеді, іс-шараларға қатысады. Бапкердің ұлы Бакумен де хабар алмасып тұрады. Қожановты білетіндер оның техникалық жағынан өте мығым, шымыр, мінезді, әккі балуан болға­нын айтады. Ол өзіне де, өзгеге де талапшыл болған. Жарыс алдында қарсыластарын зерттеп, шәкірттеріне дұрыс нұсқау бере білген. Қожанов сенім арт­қан шәкірттердің бірі – Ермек Жұмағұлов.

– Мен спортқа 15 жасымда келдім. Бірінші бапкерім Вик­тор Васильевич мені спортқа баулып, есейе келе Қожановқа берді. 1975 жыл, 16 жастамын. Алғашқы бапкерімнің өзі Қо­жа­­новтың тәлімін көрген. Ара­ға екі жыл салып Душанбеде спорт шебері атандым. 52-57 кг салмақта күрестім. Сол кез бап­кердің «Тәжік спортшысынан ұтылсаң, үйге жаяу қайтасың» дегені бар. Белдесуді жеңіп шық­тым. Бапкермен салмағымыз шамалас болды. Ол жалпыға көр­сететін әдіс-тәсілдерді менімен жасайтын. Бәлкім содан болар, жақсы күресе бастадым. Білікті маман нағыз мығым спортшыны қалай даярлау керегін жақсы білетін. Жаттығуды түгел өзі бақылайды. Қателігімізді қалт жібермейді. Өзі қандай еңбекқор болса, шәкірттерінен соны талап ететін. Талай жет­кіншектің белін буды. Өзі аласа бойлы, шынашақтай болса да үлкен салмақтағы балаларды күреске бау­луда шеберлігі басым еді. Жаттығуға келгенде қа­тал, жалқаулықты жек көретін. Қожа­новтың тәрбиесін көрген спорт­шылардың қай-қайсысы да ­жаман болған жоқ. Спорттан кейін де өмірде өз жолын тапты, – дейді Е.Жұмағұлов.

Даңқты бапкер зейнет жасына шыққан соң да қарап отырмай, бар ғұмырын шәкірт тәрбие­леуге арнады. Өмірінің кейінгі кезеңінде «Астана батыры» клубында еңбек етті. Қарттығына қарамастан балалармен алысады. Балаларды спортқа бірден қызықтыра кететін қасиеті сол қалпы өзгермеген. Өзіне де, ісіне де берік бапкер 2010 жылы 74 жасқа қараған шағында бақиға озды. Бүкіл саналы ғұ­мы­рын спортқа арнаған, атпал аза­­мат­­тың Олимпиада чем­пио­­нын даярласам деген асқақ арманы болыпты. Енді сол арманына өзі негізін қалаған Ақмола еркін күрес шеберлері бүгін болмаса ертең жететіні анық.

Еркін күрес ардагерінің спорт­тағы еңбегі елеусіз қал­мады. КСРО-ның құрметті спорт шебері. Қазақ КСР еңбек сіңір­ген жаттықтырушысы, Тәуел­сіз Қазақстанның құрметті спорт қайраткері. Ол баптаған бір­неше буын еркін күрес шебер­лері ұстаз жолын жалғап, әлі күнге еңбек етіп келеді. Қадыр­кен Сатыбалдыұлының Ақмола облысында спорттың дамуына қосқан еселі еңбегін жақсы білетін азаматтар, көзін көрген шәкірттері бапкердің даңғыл жолы ұлықталса, ұмытылмаса екен дейді. Осындай бір топ шәкірті, сондай-ақ спорт ұйым­дары оның есімі еліміздің тарихи қайраткерлері тізіміне енгізілу­ге тиіс екенін айтып жауапты орындарға хат жолдаған екен. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» демекші, отандық спорттың жан­дануына сүбелі үлес қосқан тұлғаларды ұлықтау кейінгі тол­қын жастарға жақсы үлгі болып, ынта-жігерін арттыра түсетіні сөзсіз. 

Соңғы жаңалықтар