• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Балалар Бүгін, 15:01

Алматыда түнгі рейд кезінде ішімдік ішкен 9 бала анықталды

30 рет
көрсетілді

Алматыда «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қалалық полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізовтің  айтуынша, іс-шараның басты мақсаты кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алып, түнгі уақытта бақылаусыз жүрген балаларды анықтау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Бала құқықтары туралы» заңын бұзғандарды жауапқа тарту.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Алматыда ювеналды полиция инспекторлары мен учаскелік полицейлерден тұратын арнаулы топтар құрылып, алғашқы күннің өзінде бірқатар заң бұзушылықтың орын алғандығы айтылды.

Кәмелетке толмаған 137 баланың сағат 23:00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүргені анықталды. Ата-аналары Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 163 жасөспірім мән-жайды анықтау үшін полиция басқармасына жеткізіліп, 10 жасөспірім профилактикалық есепке қойылған. Кәмелетке толмағандар арасында ішімдік ішкен 9 факт тіркеліп, 6 ойын-сауық мекемесінің түнде балаларды кіргізіп, заң бұзғаны анықталып отыр.

Құқық бұзушылық фактілеріне сәйкес ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жасөспірімдермен әңгімелескен құқық қорғау органдарының мамандары  заң бұзған ойын-сауық орындарының да тіркеуге алынғандығын жеткізді.

Үш күнгі шара аясында түнгі рейдпен қатар, оқу орындарында, жастар орталықтары мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстары жүргізіле бастады. Онда балалар мен ата-аналарға іс-шараның мақсатын айтып, заң бұзған жағдайда жауапқа тартылатыны туралы ақпарат беріледі.

Айтан Елеусізов атап өткендей, «Түнгі қаладағы балалар» - бұл бір реттік акция емес, балалардың құқығын қорғап, қараусыз қалудың алдын алып, үй-ішіндегі қолайсыздықтың, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша жасалып жатқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Әсіресе жазғы демалыс кезінде мұндай рейдті үзбей өткізген маңызды.

Алматы