Жер тұрғындарын әсерлі астрономиялық құбылыс күтіп тұр. Бұл соңғы жүз жыл ішіндегі ең ұзақ күн тұтылуы болмақ. Ғалымдар таңғажайып көріністің нақты қашан болатынын және оны қай елдердің тұрғындары бақылай алатынын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Space порталының мәліметінше, «ғасыр тұтылуы» 2027 жылғы 2 тамызда орын алады. Алайда астрономиялық көзілдіріктер мен күн сүзгілерін дайындауға әлі ерте, құбылыс осы жылы емес, тек екі жылдан кейін болады.
Сол күні Ай Күннің бетін 6 минут 22 секундқа толық жауып, ХХІ ғасырдағы ең ұзақ тұтылу кезеңін қалыптастырады. Бұл көрсеткіш 1991 жылдан бергі рекордтық уақыт болып есептеледі, ал келесі осындай ауқымды тұтылу тек 2114 жылдың 16 шілдесінде болады деп күтіледі.
Айта кетейік, 2024 жылғы 8 сәуірде Мексика, АҚШ пен Канадада байқалған толық күн тұтылуы 4 минут 28 секундқа ғана созылған еді, бұл да едәуір ұзақ деп бағаланған болатын.
2027 жылғы тұтылудың толық фазасы Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстың 11 елін қамтиды. Атап айтқанда, құбылысты Испания, Гибралтар, Марокко, Алжир, Тунис, Ливия, Египет, Судан, Сауд Арабиясы, Йемен және Сомали тұрғындары айқын көре алады.
Сондай-ақ жартылай күн тұтылуы Африка, Еуропа және Оңтүстік Азияның басым бөлігінде байқалады. Ал Солтүстік Америкада бұл күні Күн белсенділігі қалыпты болады.
Space жариялаған картаға сәйкес, Қазақстанның бірқатар өңірлері де бұл ғажайыптың көлеңкелі аймағына еніп, белгілі бір уақытта қараңғылыққа шомуы мүмкін.