Үкіметте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің отырысы өтті, оның барысында, сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері де қаралды, делінген хабарламада.
Кеңес барысында ауыл шаруашылығы саласындағы екі ірі жобаға қатысты инвестициялық келісімдердің басты шарттары бекітілді.
Бірінші жоба аясында түркиялық Tiryaki Agro компаниясы астықты терең өңдейтін кешен салмақ. Жобаның өндірістік қуаты жылына 250 мың тонна бидай және 80 мың тонна бұршақ өнімін өңдеу. Жалпы инвестиция көлемі 160 миллиард теңгені құрайды.
Екінші жоба түріктің YDA Group компаниясының қатысуымен тыңайтқыштар мен пестицидтер өндіретін агрохимиялық зауыт салу. Бұл өндіріс орны жылына 150 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Жобаның құны 168 миллиард теңге.
Аталған екі бастама ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, импортты алмастыруға, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге және жоғары қосылған құны бар өнімдер үлесін арттыруға бағытталған.
«Қазақстанда астық дайындаудың жыл сайынғы көлемі 16-17 млн тонна деңгейінде екенін және үштен бір бөлігі экспортқа кететінін ескере отырып қолға алынған өнімнің 260 түрін қамтитын ішкі өңдеуді дамыту бастамасы экономиканы әртараптандыру және агроөнеркәсіптік кешеннің орнықты дамуы үшін қосымша мүмкіндіктер ашады», деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, инвестициялық штаб елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Басты назар заңнаманы жетілдіру, әкімшілік кедергілерді азайту және басым салалардағы инвестициялық жобалар үшін тұрақты әрі қолайлы жағдай қалыптастыру.