Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) чикунгунья вирусының індетке айналу қаупі жоғары екенін мәлімдеді. Аталған ауру маса шағуы арқылы таралады және қазіргі уақытта әлемнің 119 елінде 5,6 миллиардқа жуық адам қауіп аймағында өмір сүріп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Аурудың таралу географиясы кеңейіп келеді. ДДСҰ өкілі Диана Рохас Альварестің мәліметінше, вирус 2025 жылдың басында Үнді мұхиты аймағында – Реюньон, Майотта және Маврикий аралдарында тіркеліп, кейін Мадагаскар, Сомали, Кения, Оңтүстік-Шығыс Азия және Үндістанға тараған. Қазіргі таңда Еуропада да індет белгілері анықталып отыр.
«1 мамырдан бері Францияда 800-ге жуық әкелінген жағдай тіркелді. Елдің оңтүстігінде вирус эндемиялық аймаққа бармай-ақ, жергілікті жолақ масалар арқылы тараған. Мұндай жағдай жақында Италияда да тіркелді», деді ДДСҰ өкілі.
Чикунгунья вирусы жоғары температура, буын ауруы және кей жағдайда ұзаққа созылатын асқынулармен сипатталады. Ауруға қарсы арнайы ем жоқ. Ол көбіне Aedes түріндегі жолақ масалар арқылы жұғады. Бұл масалар денге мен зика вирустарын да тасымалдайды және күндіз шағатынымен ерекшеленеді.
Сарапшылардың айтуынша, ең тиімді алдын алу шаралары репелленттер қолдану, ұзын жеңді және жабық киім кию.
Чикунгунья вирусының соңғы ірі өршуі 2004-2005 жылдары тіркелген болатын. Ол кезде ауру негізінен шағын аралдық аумақтарда таралып, жарты миллионға жуық адам ауырған.
ДДСҰ індеттің жаһандық денсаулыққа қауіп төндіретінін ескертіп отыр. Сондықтан, азаматтар өз қауіпсіздігіне мән беріп, маса шағуынан сақтану шараларын күшейткені жөн.