• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 15:50

Су үнемдеу технологияларын дамытуға 214 млрд теңге бөлінеді

30 рет
көрсетілді

Алдағы үш жыл ішінде мемлекет ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді қолдауға 214,6 млрд теңгеден астам қаражат бөледі. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкіметтің кезекті отырысында мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Ол Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалу барысына тоқталды.

Су саласын жаңғырту және орнықты дамыту жөніндегі міндеттерді жүйелі шешу үшін министрлік 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын, су саласын дамытудың Кешенді жоспарын және жаңа Су кодексін қамтитын құқықтық және институционалдық базаны қалыптастырды. Бұл құжаттар гидротехникалық құрылысжайларды реконструкциялау мен техникалық қайта жарақтандырудан бастап озық цифрлық технологияларды енгізуге дейінгі негізгі нысаналы индикаторлар мен оларға қол жеткізу жөніндегі шараларды бекітеді», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Министрлік дерегінше, кадр мәселесін шешу үшін 2024 жылы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылды. Жаңа оқу орны Венгрияның Корвинус университетімен бірге қос дипломды магистрлік бағдарлама ұсынып отыр. Сондай-ақ Эразмус Мундус жобасы аясында университет базасында Су дипломатиясы орталығын құруға қаржы бөлінді.

«2025 жылы су саласының 125 маманы Қытай Халық Республикасында қабылдаушы тараптың есебінен оқудан өтті. 2026 жылы тағы 200 маманды даярлау жоспарланып отыр, бұл отандық тәжірибеге озық шетелдік тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді. Егер 2023 жылы су саласына қатысты мамандарды даярлау 9 жоғары оқу орнында жүргізілсе, 2025 жылға қарай мұндай оқу орындарының желісі 13 жоғары оқу орны мен 8 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымына дейін кеңейтілді. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша университет пен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алушылардың жалпы саны шамамен 2 500 адамды құрайды», делінген хабарламада.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жерүсті және жерасты сулары туралы мәліметтерді біріктіретін Ұлттық ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Жобаны Еуразиялық даму банкінің Цифрлық бастамалар қоры қолдап отыр. Жүйе 2026 жылдың соңына дейін толық іске қосылады деп жоспарланған.

«Сонымен қатар негізгі барлық өңірде орналасқан 367 нысанды қоса алғанда, ұзындығы 3,5 мың км-ден астам суару каналын автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2026 жылдан бастап 103 каналдың реконструкциясы мен автоматтандырылуы басталады, ал 2028 жылдың қалған 264 канал жаңғыртылып, автоматтандырылады. 2030 жылға дейін министрлік 14 мың км-ден астам ирригациялық каналдарды жаңғырту және реконструкциялауды жоспарлап отыр. Бұл су жоғалтуды 50%-дан 35%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Ислам даму банкімен бірлескен жобаның бірінші кезеңі шеңберінде биыл 96 каналды реконструкциялау басталады. 2024 жылдан бастап фермерлерді су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру үшін су үнемдеу технологияларын сатып алу және орнатуға жұмсалған инвестициялық шығындардың 80%-ына дейін өтеу, суару суын нормадан артық пайдаланғаны үшін тарифті 20%-ға арттыру және тариф мөлшеріне қарай дифференциалды субсидиялау тетіктері енгізілді», делінген хабарламада.

Ведомствоның хабарлауынша, 2026–2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру аясында су үнемдеу технологияларын енгізу кезіндегі инвестициялық шығындарды өтеуге 214,6 млрд теңге қарастырылған.

Өнеркәсіп саласында да жаңа талаптар қойылған. Су кодексіне сәйкес, алдағы жеті жыл ішінде кәсіпорындар біртіндеп айналымдық және қайта пайдаланылатын су жүйесіне көшуге міндетті. Оның алғашқы екі жылы – бейімделу кезеңі, ал келесі бес жыл – толық іске асыру уақыты.