• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент Бүгін, 11:43

Депутат: Автомектептердегі заңсыз жиналатын 5,6 млрд теңге кімнің қалтасына түсіп жатыр?

40 рет
көрсетілді

Қазақстандағы автомектептерде жүргізуші куәлігін алу кезінде заңсыз қосымша төлемдер алынуы мүмкін. Мәжіліс отырысында осылай деген депутат Мақсат Толықбай Ішкі істер министрлігін тексеріс жүргізуге шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжіліс отырысында ол азаматтар автомектепте ресми оқу ақысынан бөлек QR-код арқылы қосымша төлем жасауға мәжбүр болатынын айтты. Депутаттың мәліметінше, мұндай төлем көлемі шамамен 8,5 мың теңгені құрайды және оның автомектептерге де, мемлекеттік жүйеге де қатысы жоқ.

«Қазір әр азамат автомектепте шамамен екі жарым ай оқу курсынан өтуі тиіс. Бұл дұрыс. Бірақ сонымен қатар автомектеп ішінде QR-код арқылы 8,5 мың теңге төлеу талап етіледі. Бұл ақша автомектепке де, ресми жүйеге де байланысты емес», деді депутат.

 Заң жобасы мақұлданды: Енді автомектептерге қандай талап қойылады?

Оның айтуынша, жыл сайын шамамен 670 мың адам жүргізуші куәлігін алуға өтініш береді. Егер әрқайсысы аталған соманы төлесе, жылдық айналым 5-6 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін.

«Бұл қаражат бюджетке де, ІІМ жүйесіне де түспейді. Ашық есеп жоқ. Кейбір деректерге сәйкес, ақша шетелде тұратын жеке тұлғалардың пайдасына кетуі мүмкін. Бұл көлеңкелі қаржы айналымы емес пе?», деп сұрақ қойды Мақсат Толықбай.

Депутат бұл схеманың артында ұйымдасқан құрылым болуы мүмкін екенін де жоққа шығармай, уәкілетті органдарды шара қабылдауға шақырды.

Ішкі істер министрлігінің өкілі Санжар Әділов бұл мәселеге қатысты тексеріс басталғанын айтты.

«Бұл мәселе жұмыс топтарында да көтерілді. Қазіргі уақытта Әкімшілік полиция комитеті қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Біз мұндай делдалдар мен заңсыз төлемдерге жол берілмеуі тиіс деп санаймыз. Тиісті шаралар қабылданады», деді ол.

Автомектептерде олқылықтар анықталды: 700-ден астам оқу тобы жабылды

ІІМ мәліметінше, елде 727 автомектеп тіркелген, оның 160-ы мемлекеттік, 567-сі жеке меншік. Дегенмен олардың қызметіне бақылау әлсірегені айтылды.

Нұрболат АМАНБЕК

Соңғы жаңалықтар