Премьер-министр Олжас Бектенов ҚР Үкіметі жанындағы Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп жазады Egemen.kz.
Жиынға Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, Бас прокуратура, ҰҚК және Қаржы мониторингі агенттігі өкілдері қатысты.
Олар есірткі қылмысына, маскүнемдікке қарсы күрес жөніндегі шаралар және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігін талқылады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жарты жыл ішінде 6,4 тонна есірткі тәркіленгенін, 17 мыңнан астам есірткі сайты бұғатталғанын, 474 есірткі қылмыскері, оның ішінде 28 Telegram-канал әкімшілері ұсталғанын баяндады. Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 21 қылмыстық іс қозғалған, олардың үшеуі трансұлттық деңгейдегі топтар екені анықталды. Есірткіге қарсы 11 мыңнан астам іс-шара өткізілген. Сонымен қатар есепті кезеңде қоғамдық орындарда ішімдік ішудің 107 мың фактісі және алкоголь айналымы саласындағы 7 мың заң бұзушылықтың жолы кесіліп, 11 мың адамға спирттік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салынған. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтқан мәліметтерге сәйкес, бүгінде диспансерлік есепте есірткіге тәуелділігі бар 17 мыңнан астам адам тұр. Кейінгі бес жылда опиоидқа тәуелділер саны 1,5 есе азайған, керісінше синтетикалық стимуляторларға және есірткіні аралас қолдануға тәуелді болып қалған пациенттер саны артқан. 2024 жылдың соңынан бастап тәуелділік синдромы жоқ бірақ есірткіні өзіне зиянды түрде тұтынатын адамдарға консультациялық бақылау енгізілген. Бақылаудың бұл түрімен бүгінде 3 мыңға жуық адам қамтылған. Наркологиялық көмек 20 өңірлік психикалық денсаулық орталықтарында, 79 қалалық және 205 аудандық кабинеттерде көрсетіледі, сондай-ақ Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде 94 жастардың денсаулық орталығы бар, оған 2024 жылы 700 мыңнан астам адам жүгінді. 2025 жылы емдеудің тиімділігін арттыру бойынша жаңа әдістемелік ұсынымдар бекітілді. Ауруханаға жатқызуға қарсы көрсетілімдер тізбесін қайта қарау жалғасып жатыр. Премьер-министр құқық қорғау органдарының қанша күш салып жатқанына қарамастан, нашақорлық мәселесі, әсіресе жастар арасында сақталып отырғанын атап өтті.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын мемлекет пен қоғам қызметінің негізгі постулаттарының бірі ретінде айқындап берді. Сондықтан да мемлекеттік органдар, соның ішінде құқық қорғау органдары Мемлекет басшысының осы нұсқауы сөзсіз орындалуын бірінші кезекте қамтамасыз етуге міндетті. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған қауіпті тенденция – жастар арасында нашақорлықтың таралуы. Өкінішке қарай, ол күннен күнге белең алып барады. Жағдай оны таратудың жаңа әдістерімен шиеленісе түсуде, олар – интернет арқылы, пошта арқылы, «жасырып кету», иесі белгісіз электронды төлемдер. Мұның барлығы «наркодиллер-өткізуші-тұтынушы» үштігінде физикалық байланыстың болмауына әкеліп отыр. Сол себепті де қазір таратушыларды ұстау әлдеқайда қиын», деді Олжас Бектенов. Премьер-министр есірткі саудалайтын сайттар мен соған ұқсас хабарландыруларды анықтау және бұғаттау тетіктерін жетілдіре түсу жөнінде шаралар қабылдауды, есірткі айналымына байланысты ақша аударымдарын бұғаттау мәселелерін пысықтауды тапсырды. Нашақорлықты тудыратын препараттардың дәріханалық қозғалысын бақылауды күшейтуге, оңалту инфрақұрылымын құруға, оның ішінде кәмелетке толмағандар үшін нашақорлықты анықтау және емдеу жөніндегі жұмысты жандандыруға назар аударылды.