• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет Бүгін, 12:00

Министр еліміздегі музейлер туралы айтты

30 рет
көрсетілді

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «AIQYN» басылымына сұхбат берді. Мәдени саладағы өзгерістер мен жетістіктер қамтылған сұхбат барысында «Музейлердің жай-күйі қалай?» деген сұрақ қойылып, сала басшысы тұщымды жауабын айтты, деп жазады Egemen.kz.

 

Министрдің айтуынша, жалпы, мәдени нысандарды жаңарту, қалпына келтіру, заманға сәйкес қайта бейімдеу жұмыстары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Президенттің өнер саласын қолдауға қатысты үндеуіне кәсіпкерлер, демушілер қолдау білдіріп, атсалысып келеді. Оның ішінде музейлердің де орны ерекше.

«Мәселен, Орталық мемлекеттік музейдің желдету жүйесін жөндеу мақсатында «Болат Өте­мұратов» қорымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осы орайда мәдениет ұйымдарының жұмысына демеушілік көрсетіп жүрген Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорына, Senim Qogamy қорына және басқа да отан­дық кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін.

Ал Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің шатыры жаңартылып, экс­позициялық залдары жөнделіп жатыр. Со­нымен қатар музейдің салқындатқыш жүйесі – «чиллер» толықтай ауыстыры­лады. Бұл жұмыстар республикалық бюд­жеттен тыс, демеушілік қаражат есебінен атқарылып жатыр», деді Аида Балаева.

Сала министрі Қастеев музейінде жуырда болған жағдайға да қысқаша түсі­ніктеме берді.

«Шілде айында музей EfesArt Space жобасымен бірлесіп, бірнеше маңызды көрме ұйымдастырды. Бұл серіктестік заманауи өнер мен әлеу­мет­тік маңызды тақырыптарды қолдауға бағытталған. «Әйел еңбегі» атты қайырымдылық көрмесінің ашылуы музей жұмысынан кейін алдын ала шақырылған, жасы 21-ден асқан қонақтардың қатысуымен өтті. Келісім бойынша музейде алкогольсіз сусындар ұсынылатын фуршет өткізуге рұқсат берілген. Алайда кейтеринг қызметін көрсеткен компания бұл талапты бұзып, құрамында алкоголь бар сусындарды да ұсынған. Осы оқиға бойынша жауапты тұлғалар анықталып, «Эфес Қазақстан» компаниясына әкімшілік хаттама тол­тырылып, айыппұл салынды. Музей бас­шылығына да ресми ескерту берілді. Алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бақылау күшейтіледі», деді министр Аида Балаева.

Аида Ғалымқызының айтуынша, кез келген өркениетті елдің рухани бейнесі – оның мәдени мекемелерінің жағдайынан көрінеді. «Егер біз өз тари­хымызды құрметтесек, өнерге деген құр­метімізді нақты іспен көрсетуіміз керек», деді министр.