• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Табиғат Кеше

Атырауда Лотос фестивалі өтеді

50 рет
көрсетілді

Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Теңіз ауылында 26 шілдеде ерекше мәдени шара – «Lotus Fest-2025» халықаралық фестивалі өтеді. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасы мәлімдеді. Фестиваль Каспий жағалауындағы аймақтың табиғи байлығы мен ерекшелігін әлемге танытып, Атырауды туризм орталығы ретінде дамытуға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көпшілікке белгілі, лотос – тазалық пен рухани кемелділіктің символына айналған қасиетті гүл. Оның көзтартар көркімен қатар сирек экожүйеде өсетіндігі де зерттеушілердің қызығушылығын арттырады. Қазір әлемде лотос гүлінің табиғи жағдайда өсетін орындары санаулы. Соның бірі – Атырау өңіріндегі Қиғаш өзенінің сағасындағы Теңіз маңы. Осындай табиғи ерекшелік өңірге өзіндік мәртебе беріп отыр.

Құрманғазы ауданындағы лотос алқабының аумағы шамамен 8–10 гектарды құрайды. Гүл сабағының ұзындығы 2 метрге дейін жетсе, жапырағының диаметрі 60 сантиметрге жуықтайды.

Теңіз ауылына жақын орналасқан бұл ерекше жер туралы бұрындары көпшілік біле бермейтін. Алайда соңғы жылдары БАҚ-та жарияланған деректер мен әлеуметтік желілердің әсерінен бұл мекенге ағылатын туристердің саны арта түсті. Қашықтығына қарамастан, табиғат көрінісіне тәнті болуға келгендер легі жыл санап көбейіп келеді.

Фестиваль аясында ұлттық спорттың алты түрінен жарыс өтпек. Атап айтқанда, қазақ күресі, қол күресі, садақ ату, арқан тарту, асық ату және алыптар сайысы ұйымдастырылады. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталады.

Сонымен қатар этноауыл бой көтеріп, қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ұлттық тағамдар жәрмеңкесі мерекенің шырайын кіргізбекші. Айта кетейік, лотос мейрамы отандық эстрада жұлдыздарының концертіне ұласады.