• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Таным Бүгін, 16:35

«Шай» мен «Тea»

20 рет
көрсетілді

«Шай – әңгіменің көсеуі ғой» деп, шай іше отырып, біраз жайды талқылайтын халықпыз. Әй, бірақ тек біз емес-ау. Дүниежүзіндегі біршама жұрттың шайға деген ықыласы ерекше. Енді бір қызығы, осы бір өнім әлем бойынша екі түрлі реңкте дыбысталады екен. «Шай» және «tea». Бұл айырмашылық кездейсоқ емес. Оның артында ғасырлар бойы жалғасқан сауда жолдары мен географиялық бағыттарға байланысты ерекше тарихи себеп жатыр,  деп жазады Egemen.kz.

Шайдың отаны – Қытай. Бұл елде шай ішу дәстүрі бірнеше мыңжылдық тарихқа ие. Қытайша шай «茶» иероглифімен жазылады. Алайда Қытайдың әртүрлі аймағында бұл сөз әртүрлі айтылады. Мысалы, солтүстігінде де, батысында да, кантон немесе мандарин диалектісінде ол «ча» немесе «чай» тәрізді дыбысталады. Ал Қытайдың оңтүстік-шығысындағы Фуцзянь провинциясында, минь диалектісінде бұл иероглиф «тэ» (te) болып айтылады.

Шай Еуропа мен Азия елдеріне екі түрлі жолмен жеткен: біріншісі – құрлық арқылы, екіншісі – теңіз арқылы. Құрлық жолы дегеніміз – Ұлы Жібек жолының бағыты. Бұл жолмен шай Тибет, Үндістан, Орталық Азия, Ресей, Түркия, Иран сияқты елдерге керуенмен жеткізілді. Саудагерлер Қытайдың ішкі аймақтарындағы диалектіні естіп, оны «ша», «шай» деп үйренді. Сол себепті бізде – «шай», орыстарда – «чай», парсыларда – «chay», түріктерде – «çay» деп қалыптасты.

Енді теңіз жолына келейік. XVII ғасырда голландиялық саудагерлер Қытайдың теңіз жағалауындағы Фуцзянь провинциясына жиі барып жүрді. Онда шай «te» деп аталады. Бұл нұсқаны естіген еуропалықтар шайды өз тілдеріне дәл солай енгізіп жіберді. Содан бастап ағылшындар – tea, француздар – thé, немістер – Tee деп атай бастады.

Португалдар да шайды теңіз арқылы тасымалдады. Бірақ олар Қытайдың басқа өңірінен – Гонконг пен Макао аймақтарынан алып келді. Бұл жерлерде кантон диалекті кең таралған, ал ол жерде «чай» деп айтылады. Сол себепті португал тілінде шай – «chá» болып қалыптасты.

Осылайша, әлемде шайдың атауы екі негізгі бағытта таралған. Егер шай Қытайдан құрлықпен жеткізілсе – ол ча/чай тәрізді айтылған. Егер теңізбен, Фуцзянь аймағы арқылы тасымалданса – онда tea/te/thé деп өзгерген.