Жаңа Ата заң жобасын қабылдауға арналған республикалық референдумның өтуіне санаулы күндер қалды. Қоғамда Конституциялық реформаның артықшылықтары мен жаңа Конституция жобасының ерекшеліктері туралы талқылаулар қызу жүріп жатыр. Осы орайда «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Қоғамдық процесстерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасым өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сарапшы ең алдымен еліміздегі ұлтаралық қатынастардың дамуы туралы ойымен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі Конституциялық реформа – ел өміріндегі елеулі саяси бетбұрыс.
«Өзім солтүстік өңірдегі көпэтносты ортада өсіп-жетілгендіктен, бала кезімнен-ақ ортақ мүддені ұғыну, өзара ымыраға келу және этникалық татулықты сақтау құндылықтары санама табиғи түрде сіңді. Осы өмірлік тәжірибе мені қоғамдық келісім мәселелеріне бейжай қарамай, оны терең түсінуге жетеледі. Сол себепті ҚХА жанындағы Жас ғалымдар клубының мүшесі, сондай-ақ ұзақ жылдар бойы Ақмола облыстық ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі ретінде елдегі қоғамдық-саяси өзгерістерге бағытталған жаңа бетбұрысты ерекше серпін, маңызды кезең ретінде қабылдап отырмын», деді ол.
Осы орайда ол Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарып келген ұлтаралық татулыққа бағытталған қызметтің келешегіне қатысты да ойын айтты.
«ҚХА алдағы кезеңде өз жұмысын бұрынғы үйреншікті форматта жалғастырмағанымен, ұлттық бірліктің діңгегін нығайтуға бағытталған жинақтаған тәжірибесі жаңа институттар аясында өз жалғасын табады. Бұл жағдаятты керісінше, түрлі сыни кезеңдерден сүрінбей өтіп, бір ту астында топтаса алатын қоғам ретінде кемелденгеніміздің айқын белгісі деп бағалауға толық негіз бар», деді ол.
Сондай-ақ жаңа Ата заң жобасында қоғамдық бейбітшілік пен тұрақты дамудың іргетасы саналатын этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауға айрықша мән берілгенін атап өтті.
Алматыдағы референдумға дайындық барысы
«Қазақ қоғамы тарихтың әр белесінде сан қырлы болмысымен дараланып, бір қалыпта қатып қалған емес. Уақыт алмасқан сайын қоғам құрылымы да жаңарып, өзгеріп отырды. Бұл өмірдің заңдылығы. Ал сол алуандықтың өзегінде бәрімізді біріктіретін ең берік тұғыр – азаматтық негізде ұйысқан біртұтас ұлт болуымыз», деді Р.Тасым.
Өнер майталмандары референдум туралы пікірлерін білдірді
Сарапшы ұлтаралық, дінаралық татулыққа, өзара құрмет пен сыйластыққа бағытталған бұл өзгерістер халықтың саяси мәдениетінің артуына да алып келетіні туралы ойын қосты.